Түлкібас ауданында ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орнын ашу қолға алынған. Айталық, өткен жылы мемлекет 21 жобаға қолдау білдірді. Нәтижесінде 550-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Жуырда Майтөбе ауылында алма шырынын шығаратын шағын цех ашылды. Онда ауылдың 15 тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа тауып отыр. Түлкібаста алма өсіретіндер көп. Сәйкесінше шырын шығаруға алма да жеткілікті дейді кәсіпкер Серік Төлеш. Оның айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 350 гектар бау бар. Айтулы өндіріс орны одан жиналған жемісті шырынға айналдырып, нарыққа шығаруда.
СЕРІК ТӨЛЕШ, КӘСІПКЕР: «Жылда 10 тоннаға жуық алма жерде қалып кететін. Оны ешкім термейтін. Енді биылдан бастап өзіміздің алмамызды өндіріп, сок қылып жатырмыз. 8 келілік алмадан 3 литр сок шығып жатыр. Біздің Түркібастың өзінен жылына 30 мың тонна алма шығады екен. Соның 5-10 мың тоннасын қабылдауға цехтың күші бар ғой.
Бұл ғана емес, Түркістан облысы Түлкібас ауданында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында бірнеше жоба қолға алынған. Айталық, шаруа Шәкір Сатанұлына дәл осы аумақтан бір гектар жер берілген. Қазір ол мал бордақылайтын қора салып жатыр. Айтуынша, көктем шыға қораға 50 мал байламақ. Мал байлап, етке өткізіп жүрген кәсіпкер ауыл сыртындағы шағын өндірістік аймақтан жердің бөлінгені құп болды дейді.
ШӘКІР САТАНҰЛЫ, КӘСІПКЕР: «Ауыл ішінде мал жем жейді, басқа қылады. Оның иісі шығады. Сыртта тыныш. Әркімнің малы өзінің қорасында қоршаулы тұрады. Март айына дейін сарайымыз дайын болады. Марттан кейін мал кіреді. Мал бордақылаймыз бұл жерде. Кәсібімізді ары қарай дамытамыз».
Өндіріс аймағында мал бордақылаудан бөлек, мал соятын орын мен жем-шөп дайындайтын цех та салынады. Бұл шаруалардың жұмысын жеңілдетеді әрі ет өндіруге сеп болады. Қуанатын жайт, ауыл әкімдігі шаруалар үшін тағы 20 гектар жер бөлінетінін хабарлады.
ДАСТАН ЖАНАЛИЕВ, БАЛЫҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: «Балықты ауылдық округін ет кластерін дамытуға жұмыс жасап, мегаполистерге, Шымкент, Алматы, Астана сияқты, керек болса Өзбекстанға ет экспортқа шығарсақ деген жоспармен жұмыс жасап жатырмыз».
Айта кетейік, өткен жылы ауданда өндіріс саласын дамыту мақсатында 21 инвестициялық жоса іске асқан. Оған 46 миллиард теңге жұмсалған. Нәтижесінде, 542 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған. Жаңа жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған.
Дилара Иса







