Түркістан облысы Түлкібас ауданында болған атысқа қатысы бар екі адам әлі ұсталған жоқ. Есесіне тұрғындар оқиға қайталана ма деп алаңдап отыр. Естеріңізде болса, 3 қарашаға қараған түні жол жиегінде тұрған бір топ жігітке белгісіз адамдар жаппай оқ атқан. Оқыс оқиғаның салдарынан төрт адам жарақат алып, біреуі қайтыс болған еді.
Түлкібас станцасындағы атыс дәл осы жерде болған. Оқиғаға қатысты күдіктілерді полиция әлі іздеп жатыр. Аудан орталығына полиция күзеті қойылған. Ал арадан екі күн өтсе де жергілікті тұрғындардың қорқынышы тарамаған. Олар әлі үрейде отырғанын айтады.
Динар Бейсембаева, тұрғын: «10 мен 11-дің ортасы-ау деп ойлаймын. Түнгі. Мен тұрғанмын. Бір жігіт жүгіріп келді. Мына бұрыштан. Үстінің бәрі көрінбейді. Маска киген. Сонымен ата бастады. Қарадым, салют екен деп ойладым. Бұлар айқайлаған соң жігіт мына бұрыштан жүгіріп өтіп кетті. Сосын машинаның даусы шықты. Бар білгенім сол. Олар айқайлады, бір жігіт жүгіріп келді. Бинт беріңізші деді, бердім. Дірілдеп өз өзіме келе алмай тұрған кезде олар уже кетіп қалды».
Бибайша Байымбетова, тұрғын: «Ауырып, денсаулығыма байланысты шықпағам. Бұл жерде жас қыздар тұрған. Сатушылар, солар айтты. Дүкенді ашайын десек, қан жатыр деп. Со кезде бүкіл полицейлер осы жерде екен. Бір районның бір районмен балалары текетірескен».
«Қай районның балалары екен?
Бірі Түлкібас, бірі Белавод деп естідім. Мына балаларды атқанда шатасып атып тұр».
Жұлдыз Күзембаева, тұрғын: «Қорқып қалдық қой мына оқиғадан соң. Жүруге қорқамыз ғой. Зорға келдік, амал жоқ дәрі керек болған соң. Бірақ түнде жүре бермейміз ғой енді».
Куәлердің сөзінше, оқ атқандардың саны үшеу. Қайғылы оқиға қас-қағым сәтте болған. Полиция күдіктілердің бірін ұстаған. Оқ төрт адамға тиген. Бірі жүрегіне тиген оқтан оқиға орнында мерт болған. Қалған екеуінің табанына, бірінің денесінің бірнеше жеріне тиген. Олар екеуі қазір аудандық орталық ауруханада тиісті емін алып жатыр. Бірі үйіне жіберілген. Дәрігерлер науқастардың жағдайы тұрақты, бірақ олардың денесінде әлі де бытыра бар дейді.
Жансұлу Ақылбаева, Түлкібас аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Стационарлық емге түскен науқастың санына, балтырына, табан сүйектеріне оқ жарақаты. Ал екінші науқастың тек табан сүйегінде жарақаты. Науқастардың жағдайы тұрақты. Емі хаттамаға сәйкес тазаланып, алынды. Қазір жағдайлары тұрақты».
Жәбірленушілердің бәрі Көктерек ауылының тұрғыны. Олардың екеуі кәмелет жасқа толмаған. Оқиға орнында қайтыс болған 17 жастағы колледж студенті дәріханадан дәрі алып шыққанда оққа ұшқан. Жәбірленушілер қандай да бір пікір беруге құлық танытпады. Олардың туыстары пікір бермек былай тұрсын қорыққаннан үйден шыға алмай қалдық дейді. Марқұмның ата-анасы да өзге балаларының өміріне алаңдайтынын айтады. Күдіктілер ұсталмайынша қазір қандай да бір пікір бере алмайтындарын айтты. Ал полиция атысқа қатысқандар іздестіріліп жатқанын хабарлады.
Бауыржан Зиятаев, Түркістан облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары: «Оқиға орнына аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жедел-тергеу тобы дереу шықты. Іс-шаралар барысында аз уақыт ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың бірі ұсталып, қамауға алынды. Осы факті бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын және екінші қатысушының орналасқан жерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде».
Айта кетейік, оқиға 3 қарашаға қараған түні болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Дилара Иса







