Оңтүстіктің қорықшыларына күннен қуат алатын қондырғылар көмектеседі

719
Бұл батареялардың экологиялық тұрғыдан залалы жоқ

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы қорықшылардың қызметтік үйіне күн көзінен қуат алатын қондырғылар орнатылып жатыр. Қызылқұм өңірінде ауа райы өзге өңірлерге қарағанда ыстық болатындықтан, осы құрал арқылы электр жарығын алу аса қиындық тудырмаса керек. Оған қоса күн бұлтты болса да батареяның қуаты бірнеше тәулікке жетуі тиіс. Алғашқылардың бірі болып бұл қондырғы Қызылқұмдағы «Босаға» және «Жауғашты» бекеттеріне, Сырдария өзенінің бойындағы өрттен қорғану бекетіне қойылды.

Бұл батареялардың экологиялық тұрғыдан залалы жоқ
Бұл батареялардың экологиялық тұрғыдан залалы жоқ

Шағын қондырғы 220 вольт қуат береді. Кейде орталықпен хабарласа алмай қалатын қорықшылар «енді барлық байланыс құралдарымыз үзіліссіз жұмыс істеп тұр» деп қуанады. Себебі олар орман-тоғайды аралап кеткенде ұялы байланыстың сапасы төмендеп кететінін айтады. Ал мына батареяларды орнатқалы тәулік бойғы байланыстары жақсара түскен. Айта кету керек, Отырар ауданына қарасты орманды жер 861 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Ал оның басым бөлігі – шөл және шөлейт жер. Мұндағы қорықшылар бұған дейін тек майшаммен күнелтіп келген еді. Енді мына қондырғының көмегімен электр энергиясына қол жеткізіп отыр. Тұтынатын қуат көзіне қаржы да төлемейді. Оның үстіне күн көзінен қуат алатын батареяның экологиялық жағынан адам денсаулығына ешқандай зияны жоқ. Егер бұрындары шалғайдағы орманшы, қорықшылардың үйлеріне электр энергиясын апару үшін қаншама бағана, желі тарту керек болса, жаңа қондырғыны орнату арқылы қыруар қаржы үнемделетіні белгілі. Келешекте Шардара су қоймасынан бастап Қызылорда облысының шекарасына дейінгі алқап ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналмақ. Облыста арнайы «Сырдария-Түркістан» өңірлік ұлттық паркі құрылып жатыр. Сол уақытта барлық орманшылар үйіне күн көзінен қуат алатын осындай қондырғыны орнатылады деп күтілуде.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iT4kZxTJ4Pk[/youtube]