Úı ANONS Камерадан жасырыну мүмкін емес

Камерадан жасырыну мүмкін емес

Қазақстандық көлік иелері ақылы жолдарда ақша төлемеудің жолын тапқан. Олар ақылды камералардан жасырыну үшін мемлекеттік нөмірлерді жауып немесе ауыстыруда. Бүгінде мұндай қулыққа баратындардың саны мыңнан асады дейді жол операторлары. Жүргізушілердің бұл «айласы» қалай әшкереленіп жатыр және заң бұзушыларды қандай жаза күтіп тұр? 

 

Жыл басынан бері республикалық ақылы тасжолдарда көлік нөмірін жасырған немесе өзгерткен 2 мыңға жуық жүргізуші анықталды. «ҚазАвтоЖол» компаниясының мәлімдеуінше, бұл сирек кездесетін жағдай емес, бүкіл ел бойынша ақылды камералар жиі тіркейтін жаппай үрдіске айналған.

 

СӘКЕН ДІЛДАХМЕТ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Жүргізушілер мемлекеттік нөмірді шешіп тастайды немесе шүберек секілді заттармен жауып қояды. Тіпті қазір жарамсыз ескі нөмірлерді тағып өтетіндер де бар. Бірақ бейнекамераларымызда жасанды интеллект жұмыс істейтіндіктен, біз мұндай заң бұзушылықты автоматты түрде бірден анықтаймыз».

 

Кейбір жүргізушілер көліктеріне нөмірді жүріп бара жатып-ақ ауыстыруға мүмкіндік беретін құрылғы орнатады. Ал өзгелері бұдан да өрескел заң бұзып, бөтен немесе жалған нөмірді пайдаланған. Мұндай жағдайлардың барлығы бақылау жүйелеріне түсіп, полицияға жолданады. Сарапшылардың айтуынша, тарифтер өссе де, ақылы жолдардың бағасы тиімді. Ал осылай ақша үнемдейтіндер — көбіне қымбат көлік мінгендер. Олар бұған жолақыны қимағандықтан емес, көбіне ереже бұзу үшін барады.

 

АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: «Бізде бәріне бірдей жауап беретін әмбебап полиция болғанымен, арнайы жол полициясы жоқ. Тек жүргізушілермен ғана айналысатын сол қызметті қайтару керек. Олардың патрульдік көліктері тасжолдағы жалпы ағынмен бірге жүріп, заң бұзушыларды дер кезінде, нақты уақытында анықтауы тиіс. Әйтпесе, камера жалған нөмірлі көліктің өткенін тіркегенімен, оны кейін іздеп табу, ұстау қиынға соғады».

 

Заңгерлердің пікірінше, нөмірдің шаң басып оқылмай қалуы мен оны әдейі жасыру әрекетін ажырата білу маңызды. Қазіргі уақытта мемлекеттік нөмірсіз жүргені үшін шамамен 10 АЕК (бұл 43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Алайда жүйені саналы түрде айналып өткісі келетіндер үшін бұл тым жеңіл жаза.

 

СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР: «Мен жауапкершілікті күшейтетін едім. Тіпті мемлекеттік нөмірді әдейі шешіп жүрген бір ғана жағдай үшін де, жалған нөмір таққандармен бірдей жаза қолдану керек деп есептеймін. Қазір жалған нөмірлер үшін қолданылатын жаза әбден әділ: ол жерде 5 тәулікке қамау және бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған»

 

Бір жүргізушілер ережені сақтап, ал екіншілері қулықпен жүйені алдап өткенде, заң алдындағы теңдік бұзылады. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер жай ғана ереже бұзу емес, бұл — заңды белден басу

Ботакөз Әнуар