Балықтыдағы қанды қырғынның құрбандары тағы біреуге артты

440
Ауруханада жатқан науқастың жағдайы ауыр
Ауруханада жатқан науқастың жағдайы ауыр
Ауруханада жатқан науқастың жағдайы ауыр

Түлкібас ауданы Балықты ауылында болған қанды қырғыннан қаза тапқан адамдардың саны тағы біреуге артты. Басына оқ тиіп, жарақат алған 22 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды. Оған дәрігерлер қолдан келгенше көмек көрсеткенімен, өкінішке орай, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Жәбірленуші кеше кешкісін ауруханада жан тәсілім етті. Сонымен, Балықты ауылының тұрғыны Баққали Қасабаевтың қолынан қаза тапқандардың саны төрт адамға жетті.

Естеріңізге салар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Балықты ауылында сенбіден жексенбіге қараған түні аңшы мылтығымен қаруланған 43 жастағы Баққали Қасабаев алты ауылдасын атып, артынан өзін-өзі атып жіберген. Ауылдағы атқыштың оғынан 3 тұрғын оқиға орнында қаза болып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген болатын. Солардың бірі — өкпе тұсына оқ тиіп, жан сақтау бөлімінде жатқан 43 жастағы тағы бір азаматтың жағдайы ауыр. Дәрігерлер осылай деп отыр.

Ауыл азаматының бұлайша көршілеріне қару кезенуіне жер дауы себеп болған делінуде. Қазіргі таңда Түлкібас аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері осы іске қатысты қылмысты іс қозғады. Бірнеше сараптама тағайындалған. «Күрделі жағдайға байланысты сұрақтарға тергеу ісі толық аяқталған соң жауап алуға болады» дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Салтанат Қаракөзова. Оның айтуынша, ауылдастарына оқ атып, өзін де өлтірген кісі бұған дейін сотты болмаған. Оның денесінің жанынан табылған мылтығы да сараптамаға жіберілген. Қазір ауылдағы тәртіпті полицейлер күзетіп жүр.