Шымкентте автокөлікке қарулы шабуыл жасалып, жас жігіт ауруханаға жеткізілді

207

Шымкентте жыл басталысымен-ақ, қарулы қақтығыс тіркелді. Дәлірек айтсақ, оқиға 2020 жылдың 6 қаңтарында, сағат 21.00 шамасында қала кафелерінің бірінде орын алған. Дәмханаға келген қонақтар арасында екі топ жас жігіттер өзара ерігісіп, соңынан жанжал туындаған.

Жанжал барысында «Хюндай Акцент» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысына қарай бірнеше рет оқ атылған. Бір адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізіліпті.

«Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 3-бабы – «адам өлтіруге оқталу», «бұзақылық» және «қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері барлық жанжал қатысушыларын анықтап, ұстады», – дейді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мөлдір Бекеева