Дихандар: «Шығынға батып барамыз»

115

Түркістан облысындағы Балықты ауылының дихандары шығынды есептеп жатыр. Судың жоқтығынан олар жоспардағыдан едәуір аз өнім алған. Осыдан екі жыл бұрын Түлкібас ауданында суару арналарын қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Арықтар әлі де сусыз тұр.

Диқан Пернебек Сембаев сусыз қалған каналға қарап уайым құшағында тұр. Себебі оның биыл да үміті ақталмады. Судың жоқтығынан еккен жоңышқасы мен бидайы қурап қалған. Балықты ауылындағы өзге шарулардың да жағдайы мәз емес.

Ауыл аумағындағы арық-атыздардан су тартылып, тұрғындар екі жылдан бері су тапшылығын көріп отыр. Себебі дәл сол екі жылдан бері облыста суармалы арналар жөндеуден өтіп жатыр екен. Айтулы жұмыс кесте бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ тұрғындар, ол уақытқа дейін сусыз қалай өмір сүреміз деп отыр…

Бұл канал «Қазводхоздың» балансында. Жоба бойынша мұнда 127 шақырым жөнделуі тиіс. Әзірге оның 25-і ғана аяқталып, жұмыс тоқтап тұр. Жөндеуді жүргізіп жатқан мердігер, жұмыстың тоқтап қалуын құрылыс материалдарының бағасы күрт өскендігімен байланыстырып отыр.

Осы аралықта диқандардың өздері уақытша канал жасамақ болыпты. Бірақ олардың айтуынша, су әлі де жетпейді. Дегенмен, Экология министрлігінің Су ресурстары комитетін ауыл тұрғындарының мәселесі алаңдатпайтын сыңайлы. Себебі олар судың кестеге сәйкес, маусым бойына уақытылы берілгенін айтады.

Комитеттің пайымдауынша, халықтың, «жаңа егін маусымына дейін каналдың құрылысы аяқталмай қалуы мүмкін» деген үрейінде негіз жоқ екен.