Александр Лосецкий: «Қазақ тілінде сөйлесем, орысша жауап беретін қазақтар көптігіне қынжылам»

550
Александр Лосецкий кіші қызы Ксениямен "Отырар" ТА-ғы "Жаңа күн" сазды ақпараттық бағдарламасында қонақта
Александр Лосецкий кіші қызы Ксениямен "Отырар" ТА-ғы "Жаңа күн" сазды ақпараттық бағдарламасында қонақта
Александр Лосецкий кіші қызы Ксениямен «Отырар» ТА-ғы «Жаңа күн» сазды ақпараттық бағдарламасында қонақта

Таяуда Шымкенттегі Н.Оңдасынов атындағы мектеп гимназиясында өзге ұлт өкілдері арасында «Ана тілі және отбасы» атты байқау ұйымдастырылған болатын. Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген бұл шарада бас жүлдені Лосецкийлер отбасы жеңіп алды.

Төрт түрлі сыннан тұрған байқауда қатысушылар қазақ тілін еркін меңгергендіктерін мақал мәтел, нақыл сөздерді жатқа білетіндіктерімен дәлелдей білді. Шығармашылық жұмыс, үй тапсырмасы  сынды байқаулар да тыс қалған жоқ қазылардың назарынан. Осы сындардан сүрінбей өткен Лосецкиялер отбасының отағасы Александр Иванович мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Тіпті қазақы қалжың, қағытпа қалжың, астарлы сөзіңізді де қағып алып, анық түсінеді.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында туып өскен Александр Ивановичтің көршілері де, тай құлындай тебіскен достары да кілең қазақтар болған. Қалың қазақтың ортасынан шыққан орыс жігіті қазақтың ұлттық дәстүрлерінен де хабары бар.

«Мені көріп орысша сөйлеп жатқан қазақ бауырларыма қазақ тілінде жауап қатсам да ана тілдерінде сөйлей алмай тұрғандықтарын көріп қынжылам. Қазақша сәлем сауқат сұрасқан маған орысша жауап беріп жатады»-дейді Александрдың өзі.

Александр Иванович жары Иринаға да қазақ тілін үйретіп жүр. Үлкен қызы Виолетта мемлекеттік тілде судай ағып тұр. Енді кіші қызы Ксенияға қазақ әндері мен өлеңдерін жаттатып, мақал-мәтелдерді ұғындырып келеді. Александр Иванович Лосецкий Шымкенттегі буын аурулары клиникасының дәрігері. Білікті дәрігер медицина саласындағы терминдерді аудару ісіне қарны ашатындығын да айтып қалды.

«Медицинадағы көп термин аударуға келмейді. Ем іздеп келгендерге қазіргі қазақ тіліне аударылған терминдермен айтып түсіндіре бастасаң, одан да орысшасын айтшы балам дейтіндер көп. Бас, мойын, бауыр, буын сынды қазақтың төл сөздері болса құба құп, ал енді халықаралық терминдер не латын, не грек тілінде көнеден бері қалыптасқан күйінде қалдырылғаны дұрыс деп есептеймін» -дейді буын аурулары дәрігері, қазақ тіліндегі байқаудың бас жүлде иегері Александр Лосецкий.

Айта өту  керек, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектепте «Ана тілі және отбасы» атты байқау осымен алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жылда байқау өткізілгенімен, ондағы қатысушылар да, жеңімпаздар да, байқау шарттары да қайталанбайды. Мамандар бұл байқаудың мектепішілік деңгейден бүкілқалалық деңгейге жетер кезі келді деп жүр.