Патронаттық тәрбие не береді?

Тәрбиелеуші педагогикалық мамандықтың иесі болуы керек
Шымкент қалалық білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық жұмысын дамыту секторының бас маманы Ерімбетов Ғалымжан
Шымкент қалалық білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық жұмысын дамыту секторының бас маманы Ерімбетов Ғалымжан

Елімізде тастанды балалардың саны күн санап артып келеді. Бауыр еті баласынан бас тартқан ата-ана өз перзентінің болашағы, өмірі жайында алаңдамайды. Алайда дүниеге келген әр бала жеке тұлға ретінде дамуы үшін отбасында, ата-ананың аялы алақанын, шынайы қамқорлығын сезініп өсуі қажет. Бір қуантарлығы әлемде мейірімді жандардың да жоқ емес екені. Олар өзегінен шыққан өз перзенті түгілі өзгенің де баласын бауырына басып, ата-аналық мейірімін төгіп, сәбилерді бағып-қағып өсіруде. Сәбилер үйіндегі көздері жәутеңдеген балақайларға жаңа жанұя сыйлап үміт беретін патронаттық тәрбие жөнінде білмек мақсатында Шымкент қалалық білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық жұмысын дамыту секторының бас маманы Ерімбетов Ғалымжан Саржайлауұлына жолыққан болатынбыз.

– Ғалымжан Саржайлауұлы, соңғы жылдары патронаттық тәрбие дегенді жиі-жиі естіп жүрміз. Осы жайында сөз қозғасақ. Патронаттық тәрбие дегеніміз не? 

– Қазіргі кезде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын беріп отырған жандар баршылық. Сондай алтын жүректі жандарға үкіметіміз қолдау көрсетуде. Мысалы, соңғы жылдары баланы жаңа отбасына бейімдеудің тағы бір түрі – патронаттық тәрбие жолға қойылды. Патронаттық тәрбиенің жетімдіктің алдын алуға және баланың үлкендермен, айналасындағы адамдармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасап отыруына және олардың психикасының дұрыс дамуына әсері мол. Патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншы және қамқоршы орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген тұлға жасасқан шарт бойынша азаматтардың отбасына берілетін тәрбиенің нысаны.

Патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы алдымен білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық органына қажетті құжаттар тізбесі бойынша құжаттарын жинап өткізеді. Жинақталған құжат бойынша патронаттық тәрбиеге бала алатын отбасы білім бөліміне үміткер ретінде тіркеледі.

– Сонда қандай құжаттар тапсыру керек?

– Азаматтар өзінің тұрғылықты жері бойынша органға жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы патронаттық тәрбиеге алуды қалайтыны туралы жазбаша өтініш жазады. Сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеріп-қарауды жүргізу туралы өтініш білдіреді. Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі мен неке қию куәлігінің көшірмесін тапсырады. Ал егер үміткер некеде болмаса некеде жоқ екенін растайтын анықтама ұсынады. Сонымен қатар жақын туыстарының баланы тәрбиеге алуға қарсылығы жоқ екені жөнінде жазбаша келісімі мен кемінде үш көршінің ұсыным хатын, жұмыс орнынан анықтама мен мінездеме, жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама, отбасы жағдайы туралы анықтама, ерлі-зайыптылардың денсаулық, оның ішінде психикалық жағдайы туралы, есірткіге, алкогольге тәуелді еместігі, өкпе-құрт, тері аурулары және АҚТҚ орталықтарында есепте тұрмайтындықтары туралы анықтамаларды, сотты болмағандықтарын растайтын анықтама, тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжат пен өмірбаяндарын өткізу керек.

Тәрбиелеуші педагогикалық мамандықтың иесі болуы керек
Тәрбиелеуші педагогикалық мамандықтың иесі болуы керек

Айта кететін бір мәселе, бұрындары патронаттық тәрбиеге өтінішті кез келген мамандықтың иесі бере алатын еді. Алайда ҚР Үкіметінің 2012 жылы бекіткен 384-қаулысына орай, тәрбиелеуші педагогикалық лауазым иесі болуы керек.

– Баланы патронатты тәрбие негізінде аламын деушінің тілегі қанағаттандырылды делік. Содан соң…

– Содан соң, үміткерлер қаладағы №3 балалар үйіндегі «отбасыны қолдау» орталығына 2 апталық курстан өтеді. Сосын тағы да 2 апта бойы өзі таңдаған баламен жақын тіл табысу үшін балалар үйіне жіберіледі. Тәрбиелеуші мен бала тіл табысқан жағдайда органмен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген тұлға арасында келісімшарт түзіледі. Ол келісімшарт 1 жылға жасалады. Егерде 1 жылдың ішінде асырап алушы тұлға өзін бала асырап алуға әлі де дайын емес екенін, тағы да қосымша уақыт керек екенін айтатын болса, келісімшартты тағы да 1 жылға созуға болады. Осылайша екі тарап бір-біріне үйреніп бір отбасы болуға дайын болғанша келісімшартты созуға болады. Қорғаншы және қамқоршы органдар балалар патронаттық тәрбиешілерге тәрбиелеуге беру кезінде оның этникалық шыққан тегін, белгілі бір дінге және мәдениетке қатысын, ана тілін ескере отырып, баланың мүддесін басшылыққа алады. Ағайындыларды, олардың мүдделеріне жауап беретін жағдайларды қоспағанда, ажыратуға жол берілмейді. Сондай-ақ он жасқа толған баланы беру оның келісімімен жүзеге асырылады.

– Ғалымжан Саржайлауұлы, қалада патронаттық тәрбие бойынша бала тәрбиелеп отырған отбасы көп пе? 

– 2011 жылы кәмелетке толмаған 727 бала қамқорлыққа алынған болатын. Оның ішінде 51 бала патронаттық тәрбиеге берілген еді. Яғни 36 отбасы патронаттық тәрбиеге бала алған болатын. Соның 3-еуі асырап алынды. Ал 2012 жылы 55 бала патронаттық тәрбиеде болса, соның 4-еуі асырап алынды, 4-еуі қайтарылды. 2 баланың кәмелет жасқа толуына байланыс-ты тәрбиелеуші отбасымен келісімшарт тоқтатылды. Қазіргі таңда 45 бала 35 отбасында тәрбиеленуде. Соның ішінде 3 баланы асырап алуға тілек білдірген азаматтың құжаты сотқа ұсынылды.

– Патронаттық тәрбиешілерге мемлекет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Әрбір баланы асырап-бағуға ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен белгіленген мөлшерде ақшалай қаражат төленеді. Мәселен, бір баланы асырап бағуға 17 165 теңге, ал тәрбиелеушіге айлық жалақы ретінде 15 000 теңге төленеді. Биыл республикалық бюджеттен Шымкент қалалық бөлімінің қорғаншы және қамқоршылық жұмысын дамыту секторына 20 млн 493 мың теңге бөлінді. Қорғаншы және қамқоршы органдар патронаттық тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесі үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті және патронаттық тәрбиешілерге жүктелген баланы асырап-бағуға, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы. Тілге тиек ететін жайт, егер бала 18-ге толса немесе тәрбиешімен бала тіл табыса алмаған жағдайда, қорғаншы және қамқоршы органы патронаттық тәрбиеге бала алған отбасымен келісімшартты бұзып, мемлекет тарапынан берілетін қаржы тоқтатылады. Сондай-ақ осы жерде айта кететін бір жайт, патронаттық тәрбиешілерге берілген бала алиментке, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға, меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берілуге құқығы болады.

– Патронаттық тәрбиеге берілген балалардың қалай өмір сүріп жатқандығын кім қадағалайды? 

– Патронаттық тәрбиеге берілген балалардың жай-күйін өзінің тұрғылықты мекенжайына бекітілген білім мекемесімен қалалық білім бөлімінің арнайы қосымша және мектепке дейінгі білім беру, қорғаншылықпен қамқоршылық жұмысын дамыту секторының үнемі бақылау жасап отырады. Сонымен қатар патронаттық тәрбиеге бала алған тәрбиеші ай сайын балаға жұмсалған қаржының есебін жазбаша түрде өткізіп отырады.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы

P.S. Дүние есігін ашпай жатып жетімдіктің ащы дәмін татқан еліміздегі балақайлардың саны аз болғай деген ниеттеміз. Жетімдіктің құрығына ілініп, ата-ананың аяулы алақанын сезіне алмай екі көзі телміріп, ата-анасын зарыға күтіп жүрген балақайлардың да айы оңынан туып, мейірімі шексіз жандардың махаббатына бөленсе екен дейміз. Ал патронаттық тәрбиеге алам деушілердің көздегені қаржы емес, шын мәнісінде де балаға деген сүйіспеншілік махаббат болғай.

 

Артық болмас білгенің…

1 Патронаттық – ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларды тәрбиелеуге алуға ниет білдірген отбасыларға тәрбиелеуге беру.

2 Қорғаншы және қамқоршы органдар балалар патронаттық тәрбиешілерге тәрбиелеуге беру кезінде оның этникалық шыққан тегін, белгілі бір дінге және мәдениетке қатысын, ана тілін ескере отырып, баланың мүддесін басшылыққа алады. Ағайындыларды, олардың мүдделеріне жауап беретін жағдайларды қоспағанда, ажыратуға жол берілмейді.

3 Баланы патронаттық тәрбиешілерге беру пікірі ескеріле отырып, ал он жасқа толған баланы беру оның келісімімен жүзеге асырылады.

4 Патронаттық тәрбиешілерге берілген бала алиментке, зейнетақыға, жәрдемақыға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығын, сондай-ақ тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын сақтайды. Тұрғын үй-жайы болмаған жағдайда тұрғын үй заңдарына сәйкес оған тұрғын үй-жай берілуге құқығы болады.

5 Патронаттық тәрбиешілерді іріктеуді қорғаншы және қамқоршы органдар жүзеге асырады. Әрбір баланы асырап-бағуға ай сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен және мөлшерде ақшалай қаражат төленеді.

6 Қорғаншы және қамқоршы органдар патронаттық тәрбиешілерге қажетті көмек көрсетуге, баланың өмірі мен тәрбиесі үшін қалыпты жағдай жасауға жәрдемдесуге міндетті және патронаттық тәрбиешілерге жүктелген баланы асырап-бағуға, тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға құқылы.