Биыл 3-9 маусым аралығында өткен ҰБТ-ның да қорытындысы шыға бастады. Қазақстан бойынша 99 565 түлек тестке қатысып, бақ сынаса, оның 21005-і біздің облыстан.
ҰБТ биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Облыс бойынша орташа балл – 72,5 болды, бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 5,16 балға жоғары дейді мамандар. «Алтын белгіге» үміткер 1143 түлектің 327-сі білімдерін ақтап шыққан. Дегенмен, бұл қорытынды көрсеткіш әлі өзгеруі мүмкін, өйткені аппеляциялық комиссияның жұмысы жалғасуда. Ал «Үздік аттестатқа» үміткер болған 694 оқушының қаншасы ақтап шыққаны туралы нақты мәлімет білім басқармасы тарапынан әзірге берілген жоқ. Биылғы түлектер үшін шектік балл 50 болды.
Сынақ барысында ережені өрескел бұзған оқушылар көп емес. Алайда облыс бойынша 8 түлек ортақ қағидаға мойынсұнбағаны үшін тесттен шығарылған. Олардың 6-уы түлектердің орнына тест тапсыруға кірген бөтен адамдар екен. Ал «шпаргалка», ұялы телефон сынды ұсақ-түйектер сырттағы тексерістен – ақ аудиторияға өтпеді. ҰБТ-ның әрбір пункттерінде мемлекеттік аппеляциялық комиссиялар жұмыс істеді. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік комиссиялар сынақтың сәтті өтуі үшін барлық жағдайды жасады. Бұл жолы былтырғыдай металіздегіш құрал түлектердің үстін тінтімеді. Есесіне турникет деген құрал орнатылды. Сондай-ақ, биыл ата-аналар әрбір аудиторияда орнатылған бейнебақылау арқылы сырттағы монитордан балаларын бақылау мүмкіндігіне ие болды.
Үміт пен күдікті арқалаған мектеп бітіруші түлектердің бірінің бабы шапса, бірінің бағы жанып жатты. Тестілеудің өзі көбінесе нақты білім деңгейін анықтай бермейді, нұсқалардың біреуін жобалап баса салатын оқушылар да жоқ емес өйткені. Қайткенде де, өзіне сенімді үздіктер білімдерін дәлелдей білді. Сонымен мүмкін болған 125 балды республика бойынша 7 оқушы жинады. Олар: Ысқақ Аида (Шымкент қаласы), Айткенова Әсел (Екібастұз қаласы), Құспанғалиева Ботагөз (Алматы қаласы), Тоқтамыс Марғұлан (Алматы қаласы), Қамзаев Нұржан (Атырау қаласы), Құмарова Самал (Атырау қаласы) және Сахтанов Ақбөкен (Атырау қаласы).
11 жылдық білімдерін 100 %-ға дәлелдеп шыққан үздіктердің арасында оңтүстік өңірінің мерейін үстем еткен Аида №8 мектеп-гимназияның түлегі. Тестілеудің үшінші күнінде сынақтан өткен Аида Ысқақ ҰБТ барысында жоғары нәтижеге ең алғашқы болып қол жеткізген оқушы.
Сайрам, Түркістан аудандары мен шымкенттік мектептер биылғы ҰБТ-да жақсы нәтижеге қол жеткізсе, көш соңында тағы да Шардара, Қазығұрт, Сарыағаш түлектері қалды. Тіпті, қазығұрттық бір оқушы тестілеуден 7 балл ғана жинаған.
Жалпы орташа балл республика бойынша – 74,5 құрады, ол былтырғымен салыстырғанда 3,6 балға жоғары. Ал 100 балдан артық жинаған оқушылар саны 400-ге артқан.
Жалпы сарапшылардың айтуынша, ҰБТ тапсыруға ниет білдірген оқушылар саны бұрынғыдан аз болған. Яғни ұлттық сынаққа мектеп бітірушілердің 69 пайызы ғана қатысыпты. Бұл – тестілеу жүйесі енгізілген он жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш, дейді сала мамандары. Демек, үлгерімі төмен оқушылар санының артқаны. «Мектеп рейтінгісін» түсіріп алмайық деген мақсатта нашар оқитын балалардың көпшілігі ҰБТ-ға жіберілмейтіндігін аракідік естіп жатамыз. Осы жөнінде «Ұрпақ тағдыры – білім» қозғалысының жетекшісі Ерсайын Ерғожа былай депті: «Қазір тестілеуге жіберу-жібермеуді шешіп отырған – мектеп директорлары мен аудандық оқу бөлімінің меңгерушілері. Бірін жіберіп, бірін жібермей қою емес, бәрін тест тапсыруға міндеттеу керек». Иә, қалай болғанда да биылғы ҰБТ қорытындысы біреуді қуантса, бірін жылатты. Ендігі мәселе мемлекеттен бөлінген гранттың иегері атану.
Гүлнұр Сәтбаева
Сүндет Санаев, ОҚО білім басқармасының бас маманы
– Ең жоғары саналатын 125 балды Шымкенттегі Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 гимназияның оқушысы Аида Ысқақ жинады. 124 және 123 балл жинаған екі оқушы бар. Ал ең төменгі көрсеткіш – 7 балл. Бір сөзбен түйіндегенде, ҰБТ тыныш өтті, ешқандай құқықбұзушылық тіркелген жоқ.