«Қызыл сызықты» баспаңдар!

Құттыбек Жамашев, ОҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы
Құттыбек Жамашев,  ОҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы
Құттыбек Жамашев, ОҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің басшысы

– Құттыбек Рахматуллаұлы, халық арасында сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті арқылы кез-келген құрылыс жұмысына рұқсат сатып алуға болады деген түсінік қалыптасқан. Шынында солай ма?

– Жалпы, халық біздің басқарма құрылыспен айналысады деп ойлайды. Шындығында біз өз құзіретіміздің аясында облыс аумағындағы құрылыстың сапалы жүргізілуін, тиісті нормативтердің қатаң сақталуын қадағалаймыз. Басқарманың негізгі қызметі «Қазақстан Республикасы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес жобалау-сметалық құжаттама негізі бойынша белгіленген мерзімге құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат беру болып табылады. Айта кетейін, біздің саладағы жұмыстар құрылыс қызметтері нарығындағы барлық оң және теріс үдерістерді сараптаудан басталады. Осы жұмыстар кезінде, тек қана құрылыс нысандарына ғана емес, оларды салып жатқан құрылыс мекемелеріне де мониторинг жүргізіледі.

– «Іс тетігі кадрда» дейді ғой. Басқармадағы кадр жұмысы қызмет сапасын қамтамасыз ете ала ма?

– Білікті маман – баға жетпес кадр екені баршамызға белгілі. Бүгінде қызметкерлердің жұмысын бағалайтын түрлі технологиялар бар. Департаментте мамандардың жұмысын бағалаудың рейтингтік жүйесі қолданылады. Келеңсіздіктерді анықтау, сол бойынша лицензиаттарды әкімшілік жауапкершілікке тарту, салынған айыппұлдар сомасы, жүргізілген тексерулер және т.б. жұмыстардың саны, осы маманның ықпалымен қайтарылған немесе уақытша тоқтатылған лицензиялар саны сияқты көрсеткіштер әр маманның кәсіби деңгейін айқындауға көмектеседі. Осы рейтингтік жүйенің бағалары бойынша, әрбір қызметкерді ынталандыру және жазалау шаралары қарастырылады. Қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыру мақсатында, бізде апта сайын техникалық және құқықтық дәрістер өткізіліп тұрады.

– Заңды және жеке тұлғаларға сараптама жасауға, авторлық және техникалық қадағалау жүргізуге, ғимараттардың техникалық жағдайын анықтаумен кім айналысады. Осы мәселе бойынша айта отырсаңыз?

– Құрылыс саласында жобаларды сараптау, нысандардың жобада көрсетiлген талаптарға сай салынуын қадағалайтын маман-эксперт деп аталады. Болашақ эксперт аттестаттаудан өту үшiн әуелi тиiстi құжаттарын біздің департаментке өткiзедi. Олардың арасынан бiлiктiлiгi жоғарылары таңдап алынып, сынаққа жiберiледi. Онлайн режимiнде өтетiн тестiлеу нәтижелерi ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгiнде қорытындыланып, сынақты ойдағыдай тапсырғандарға бұйрық негiзiнде эксперт болғаны туралы аттестат берiледi. Тестiлеуден өте алмағандар үш айдан соң қайта бақтарын сынап көруiне болады. Ол арыз берiлген күннен бастап екi апта мерзiм iшiнде өтуi тиiс. Тест 100 сұрақтан құралады. Соның 70-iне дұрыс жауап бергендер жауапкершiлiгi ІІ және ІІІ деңгейлi, ал, дұрыс жауапты 90-ға жеткiзгендер жауапкершiлiгi І деңгейлi нысандармен жұмыс iстемек. Салынатын нысандар техникалық қиындығы мен жауапкершiлiгiне қарай әдейi үш деңгейге бөлiнiп қарастырылған. Аттестат бес жыл мерзiмге берiледi.

– Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан жаңа құрылыстар туралы айта отырсаңыз?

– Департамент құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігіне жауап береді. Сол себептен де бой көтерген ғимараттардың сыртқы келбетіне, сәніне емес сапасына мән береміз. Бүгінде қаланың бас жоспарына сәйкес, «Нұрсәт» шағынауданында әкімшілік іскерлік орталығының құрылысы басталды. Тарқатып айтар болсақ, Шымкент қаласы мен облыс әкімдігінің және оған қарасты құрылымдық мекемелердің ғимараттары, «Нұрсәт» шағынауданы халықтық шаруашылық жетістіктер көрмесі, «Түркістан» облыстық конгресс холы, облыстық ғылыми–әмбебап кітапханасы, 500 орындық драма театр мен 49 көпқабатты тұрғын үй кешендері бой көтермек.

– Әңгімемізді құрылыс компаниялары жайында өрбітсек. Құрылыс жұмыстарына қатысатын мердігер компанияларда лицензия болуы керек. Олар лицензияны қайдан алады? Ол қанша жылға беріледі және мердігерлерге қандай талаптар қойылады? 

– ҚР Өңірлік Даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бұйрығымен құрылған алқалы орган лицензиялау комиссиясы – құжаттардың біліктілік талаптарға сәйкестiгiн қарап, лицензия-ны беруге немесе дәлелді түрде бас тартуға, сондай-ақ, қайта рәсімдеуге немесе лицензияның түпнұсқасын беруге шешім қабылдайды. Лицензиялау комиссиясының қорытындысы «электронды үкімет» порталындағы «www.elicense.kz» сайтына жарияланады. Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін 2000-нан асатын мердігер компаниялар санатқа бөлінбей күрделілігіне қарамастан құрылыс жұмыстарын атқара беретін. Енді мердiгерлер мүмкiндiгiне, тәжiрибесiне, бүгiнге дейiн көрсеткен сапалы қызметiне қарай 3 санатқа бөлiнедi. Осы жерде айта кетейін, 2012 жылдың 30 қаңтарынан бастап облыстағы барлық құрылыс саласында қызмет атқаратын мердігер компаниялар лицензияларын қайта рәсімдеді. Бүгінде облыс бойынша І-санаттағы – 10, ІІ-санаттағы – 326, ІІІ-санаттағы – 1705 лицензия рәсімделді. Сондай-ақ, жаңадан құрылған 195 компанияға ІІІ-санаттағы лицензия берілді.

Лицензия алғанына бес жыл толмаған немесе оны алуға ендi өтiнiш берген құрылыс компаниялары ІІІ санатқа жатқызылады. Олар жауапкершiлiгi ІІ деңгейлi нысандардың техникалық жағынан күрделi емес құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргiзеді. Оған 60 орындық балабақша, 250 орындық жалпы білім беретін мектептер мен орта білім беретін өзге де мекемелер, 60 төсектік ауруханалар, ауысымда 100 адам қабылдайтын емханалар секiлдi әлеуметтiк нысандар жатады. ІІ санаттағы лицензиат атану үшiн де құрылыспен айналысуға берiлген рұқсатнаманың мерзiмi бес жылға негiзделедi. Сондай-ақ, бас мердiгер ретiнде жауапкершiлiгi ІІ және ІІІ деңгейлi бес нысанның немесе қосымша мердiгер есебiнде он нысанның құрылысын аяқтап өткiзген болуы шарт. Сонымен қатар, құрылысқа тапсырыс берушiлер немесе ғимаратты пайдаланушылар тарапынан егер құрылыс компаниясы бас мердiгер болып жұмыс атқарған болса бес, қосымша мердiгер ретiнде құрылыс жүргiзсе он пiкiр талап етiледi. Осы санаттағы лицензиаттар әлеуметтiк нысандармен бiрге спорт ғимараттарын, автокөлiк жолдарын салып, су, газ, жылу жүйелерiн жүргiзе бередi.

Лицензияны он жыл бұрын алып, осы уақыт аралығында бас мердiгер ретiнде жауапкершiлiгi І немесе ІІ деңгейлi он нысан, я болмаса қосымша мердiгер есебiнде жиырма нысан құрылысын аяқтап, пайдалануға берген құрылыс компаниясы І санатқа ие болады. Мұнан өзге, жоғарыда айтылғандай бұларға да құрылысқа тапсырыс берушiлердiң немесе пайдаланушылардың оң пiкiрi қажет. Бiр ескеретiнi, І санатты лицензиаттарда өз меншiгiндегi өндiрiстiк базасының болуы және бiрнеше нысандарда жұмыс iстейтiн инженер-техниктердiң жалпы жұмысшылар санын алғанда 20 пайыздан аспауы шарт. Олар негiзiнен экономикалық-әлеуметтiк жағынан маңызы зор, бiрақ экологиялық тұрғыда қауiптi саналатын iрi нысандар салумен айналысады. Мысалы, сыйымдылығы он мың текше метрден артық мұнай мен мұнай өнiмдерi сақталатын резервуарлардың, магистральдi құбырлардың, үлкен өнеркәсiп орындарының құрылыстарын атасақ болады.

– Компаниялардың бәрі бірдей лицензияға қол жеткізе алмас. Талап деңгейінен көріне алмағандар мен белгіленген мерзім аралығында лицензия алып үлгермеген мердігерлердің күні не болмақ? 

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау қызметін және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер компаниялар лицензияларын қайта рәсімдеуге міндетті.

Рәсімдеуге үлгермеген лицензиаттарға әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша шара қолданылып, қайта рәсімдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріледі.

– Құрылыс сапасы мен тұрғындардың қауіпсіздігі құрылысшылар үшін басты мәселе болуы тиіс. Алайда, бой көтерген ғимараттар бір жылға жетпей қирап жатыр. Осы орайда, қандай іс-шара қолға алынып отыр? 

– 2012 жылы облыс бойынша 705 заңсыз құрылыстарға әкімшілік іс қозғалып, оның 330-ы сотқа жолданған, 300 іс бойынша заңға сәйкес тиісті шара қолданылды. Салынған құрылыстардың сапасына байланысты қозғалған 106 әкімшілік іс те осының ішінде. Ал биылғы жылдың 5 айында 499 әкімшілік құқық бұзушылық іс қаралды. 19 жеке және заңды тұлғаларға хаттама толтырылып, іс құжаттары сотқа тапсырылды.

Құрылыс саласындағы заң бұзушылыққа салынған айыппұлдың мөлшері 40 млн 642149 теңгені құрады.

Айталық, инспекциялық тексеру кезінде нысандарда сапасыз жұмыстар атқарылғаны, құрылыс нормалары мен бекітілген жобалық шешімдер сақталмағаны анықталды. Мәселен, Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында 200 орындық орта мектептің құрылысын жүргізген «Құрылыс ТА» ЖШС-і сәулет-құрылыс қызметі саласында мемлекеттік нормативтердің талаптарын бұзғаны үшін 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), лауазымды тұлғасына 30 АЕК, ал сол нысанның техникалық қадағалаушысына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Аталған кемшіліктер көп қабатты тұрғын үй құрылыстарында, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау» бағдарламалары бойынша жүргізіліп жатқан нысандарда, автомобиль жолдарында, байланыс нысандары құрылысында, жеке қаражат есебінен салынып жатқан нысандарда да кездесуде.

Жалпы, сәулет-құрылыс қызметі саласында жобалау алдында іздестіру, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, құрылыс материалдарын, бөлшектері мен құрастырмаларын шығару, оны қолдану кезінде заң талаптарын бұзған лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге айлық есептік көрсеткіштің 20-дан 40-қа дейінгі мөлшерінде, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға 100-ден 300-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.

– Бүгінде «Қызыл сызыққа» қызыққандардың саны азаятын емес. Кезінде осы мәселені қолға алып, басы қасында жүрген азаматтардың бірі едіңіз. Алайда «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қойған сияқты. Осы жөнінде не айтасыз?

– Иә, «қызыл сызық» мәселесі біздің мекеменің ең жанды жері десем артық айтқаным емес. Қызыл сызық бұл – елдi мекендердi жос-парлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады. Сол себепті жер учаскелерiн пайдалану кезiнде қала құрылысы талаптарын қамтамасыз ету қажет. Алайда, кейбір кәсіпкерлер жеке бастың қамын күйттеп заң бұзуға жол беріп, мамандардың талабына құлақ асар емес. Алайда, біз өз құзіретімізді пайдалана отырып, заң аясында ондай пысыққайлармен күресуді тоқтатқан емеспіз. Мәселен, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында «қызыл сызыққа» салынған 45 нысан анықталды. Департамент қызметкерлері мен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімімен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 30 нысанның иелері ғимараттарын өз еркімен бұзды. Ал, Кентау қаласындағы көгалдандыратын аймақ пен тротуарларға түскен 8 сауда орны анықталып, оны мәжбүрлеп бұзу үшін сотқа материал жолданған.

«ҚР сәулет, қала құрылысы және қызметі туралы» Заңының 33-бабы 3-тармағының 1-тармақшасында айтылғандай, елдімекеннің бас жоспарына немесе аудандық жоспарлау жобасына сәйкес орындалған, белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жос-парлау жобалары немесе құрылыс салу жобалары болмаса, елдімекендерде немесе қонысаралық аумақтарда құрылыс салуға жол берілмейді.

Өкінішке орай, қаланың және басқа да аудандардың топотүсірілімдері болмағандықтан, көптеген нысандардың жер астында орналасқан инженерлік жүйелерінің қорғау аумағына түскен-түспегені белгісіз.Бірақ ертеңгі күні сол инженерлік жүйелер істен шығып, ауыстыратындай жағдай туындаса, оның үстіне салынған құрылыс нысандары заңсыз деп табылып, бұзылады. Сондықтан да қоғамдық тұрмыстық нысан салам деген азаматтың қолында құрылыс жүргізетін жердің толық құжаты болуы қажет. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізетін азаматтарға қойылатын талап та осындай. Облысымыз сейсмикалық аймақта орналасқандықтан құрылыс нысандарын жобасыз және оң сараптамалық қорытындысыз жүргізген тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Облыс бойынша орын алған келеңсіз жәйттердің алдын алу мақсатында 2012 жылдан бастап Шымкент қаласы әкімдігінде жүйелі түрде қалалық кеңес отырысы өткізіліп, сол жерде жаңадан бой көтеретін нысандар електен өткізіледі. Кеңес мүшелерінің ескертпелерінен кейін көптеген эскиздік жобалардағы нысандардың қасбеттері өзгертіліп, автотұрақ орындарының болуы қадағаланып, нысанның «қызыл сызықтың» үстіне түспеуіне баса назар аударылады.Яғни, аталмыш нысандар құрылысы қалалық кеңестің оң бағасын алғаннан кейін ғана сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалып, жұмыс жобалары жасалады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Айжан Ермекқызы