Балалардың бәрі бірдей! Дәл осындай ұранмен «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық бірлестігі иммундық тапшылығы вирусымен ауыратын балалар үшін арнайы спартакиада өткізді. Бұл балалардың ойынын түсірі тобымыз да тамашалап қайтқан-ды.
Ақсұңқар, Балғын, Балдаурен. Үш топқа бөлінген мына балақайлар салауатты өмір салтын қалыптастыру әдісін мейлінше жақсы меңгеруге тырысады. Мұндағы 60 бала ағзаның иммундық тапшылығынан зардап шегеді. Салауаттылыққа баулыған дәрігерлер олар үшін арнайы сайыс та ұйымдастырыпты.
Оңтүстікте бүгінге дейін 230 бала аталған дерттің құрығына іліккен. Олардың арасында 190 бала химия терапиясын қабылдайды. Олардың саулығын арттыру үшін барлық жағдай мемлекет тарапынан қарастырылған. Ал Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қоры қашан да сыйдан құр қалдырған емес.
Бақтияр Тілеуқабылов, Қауысбек Тұрысбеков қайырымдылық қорының вице-президенті: «1-маусым балаларды қорғау күнімен баршаңызды құттықтаймыз. Адам бір ақ рет өмір сүреді деп айтады. Ал балаларыңызбен бірнеше ғұмырды бастан өткеруге болады. Өйткені, онымен бірге, 1-сыныпқа барасың, сурет саласың, алғашқы махаббат сезіміне бөленесің. Бұл да бір бақыт. Сондықтан, баршаңызға бақты тілеймін!»
Баланың күлкісі бәрінен қымбат! Бұл шарада осы сөздің шынайылығына күмән келтірген ешкім болмады. Ең бастысы мұндай балаларды қоғамнан алшақ ұстамау керек. Осы түсінікті қалыптастыру шараның негізгі мақсаты болғаны анық.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YAJIUXhPedM[/youtube]