Жүз жылда жеткен қос жеңіс

672
1913 жылы Семейде құрылған қазақтың ең алғашқы "Ярыш футбол командасы"
Қазақ футболына 100 жыл. ЛОГО
Қазақ футболына 100 жыл. Лого

Жерге салынып, жерден қайта алынып, бір дүркіреп, бір құлдырап, бүгінгі күнге дейін жетіп отырған қазақ футболы мерейлі жаста. Қазақ даласы Кеңес үкіметінің тепкісіне түсерден бұрын, әлемнің кеудесіне нан піскен билікшілдері және бір дүние соғысын бастауға ілік іздеп отырған шақта, дәлірегі 1913 жылы Семейде «Ярыш» футбол командасы құрылды. Ол уақыт – сыртқы дүниенің бар жаңалығын қазақ халқы орыс елі арқылы қабылдаған кез.

Ресейдің өзіне 90 минут бойына алаңда доп қуалау ойыны XIX ғасыр соңында ағылшындар арқылы жеткен. 1912 жылы Мәскеуден Семейге қоныс аударған Н.Н.Куприянов есімді азамат өзімен бірге тебетін доп, қақпаға қоятын торды қоса алып келіпті. Футболды сүйген жан болса керек, домалаққа қызыққан қазақ жастарын жаттықтыра бастайды. Бір жыл ішінде алғашқы аяқдоп командалары құрылды. Ерлер гимназиясы мен семинариясы жеке-жеке топ жасақтап, алаңға шығады. Кейбір деректерде аяқ доп ойынын Орталық Азия мен Сібір бойынша ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласына ағылшын саудагерлері алып келгені айтылады.
Міне, осылайша Семей қаласында ССК, “Олимп”, “Ласточка”, “Орлята” және “Ярыш” атты алғашқы қазақстандық командалар пайда болды.

1913 жылы Семейде құрылған қазақтың ең алғашқы "Ярыш футбол командасы"
1913 жылы Семейде құрылған қазақтың  «Ярыш футбол командасы»

Қазақтар арасында құрылғын тұңғыш команда деп саналатын «Ярыштың» сапында арда ұл Мұхтар Әуезов те ойнаған. Жас Мұхтармен бірге жасыл алаңға шыққан отандық футболдың қарлығаштары Ахметсәлім Кәрімов (капитан), Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин секілді жеткіншектер біздің елде бұл спорт түрінің кең таралуына жол ашты. Семейлік футбол жылнамашысы Евгений Один тапқан деректерге сүйенер болсақ «Ярыш» халықаралық бәсекеге қатысқан алғашқы команда болып есептеледі. Әңгіме «Ярыштың» Семей қаласындағы Бірінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарынан жасақталған командаға қарсы өткізген кездесулеріне қатысты. Әскери тұтқындар арасында біздің командаға қарсы 1912 жылғы Олимпиада ойындарының екі қатысушысы өнер көрсеткен. Қазақстандық футболдың қарлығаштары алғашқы ойындарын Қазан төңкерісіне дейін күз сайын өткізілетін атақты Семей жәрмеңкесінің алаңқайында өткізіп келді.

Ярыштың төсбелгісі
Ярыштың төсбелгісі

Міне, содан бері 100 жыл өтті. бір ғасыр. Қазақ футболы нендей жетістікке жетті? Мақтанарлық несі бар?
Семейде қазақ футболының ұрығы егілген соң, «доп ойнаған тозар» деген қазақ арасында футболшы қауым көбейді. Жер-жерде командалар құрылды.
1948  жылы Спорттық ұжымдар арасындағы алғашқы Қазақстан Кубогі сарапқа салынды. Аталмыш жүлденің алғашқы жеңімпазы қарағандылық «Динамо» болды. Бұл алғашқы Қазақстан Кубогі үшін болған сайыс еді.
Енді бір елеулі оқиға, 1957 жылға сай келді. Осы жылы Қазақстан футболының тарихындағы алғашқы ресми халықаралық матч өтті. Алматыда жергілікті «Қайрат» финляндиялық «Вааса» командасымен жолдастық кездесу өткізіп, 4 – 0 есебімен жеңіске жетті. Бұл алматылық «Қайраттың» жұлдызы жануға бағыт алған шақ еді. Екі жылдан кейін, 1959 жылы Қазақ КСР Футбол Федерациясы құрылды. Бұл – Қазақ футболын қадағалап, тынысын байқап отыратын ресми мекеме бар деген сөз.
1971 жыл. Қайта оралып, айта берерлік күн бұл. Алматылық “Қайрат” Кеңес Одағы клубтарының арасында алғаш болып Теміржолшылардың Халықаралық Спорттық Одағы Кубогін жеңіп алды. Ақтық сынға барар жолда алматылықтар Кошицелік «Локомотивті» (Чехия) үйде 4:1, сырт алаңда 1:0 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін біздің команда Алматыда софиялық “Славиядан” (Болгария) 1:3 есебімен жеңіліп қалғанымен, сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетіп, финалда Бухаресттің “Рапидімен” кездесіп Румынияда өткен кездесуде 1:1 нәтижесіне қол жеткізді. Ал Алматының Орталық стадионында 32 мың жанкүйер тамашалаған тарихи кездесуде “Қайрат” 1:0 есебімен жеңіске жетіп, мәртебелі жүлдені ұтып алды. Кеудеге ауаны толтыра, бар дауыспен айқайлап қуанатын мақтаныш бұл. Дәл осы жылы. “Қайраттың” қорғаушысы Сейілда Байшақов КСРО чемпионатының жоғарғы дивизионындағы «Үздік жаңа есім» болып танылды. Алты жылдан кейін ол қазақстандық футболшылар арасында бірінші болып КСРО құрамасына шақырту алды. 1976 жылы Алматылық “Қайрат” қазақстандық футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті. Бұл жетістікті 1983 жылы да қайталады. 1986 жылы Жоғарғы Лига командаларының арасында өткен КСРО чемпионатында қортынды жетінші орынға ие болған алматылық “Қайрат” қазақстандық клубтардың аталған турнирдегі ең үлкен нәтижесіне қол жеткізді. КСРО-ның іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырай бастаған 1989 жылы Қазақ КСР Футбол ассоциациясы құрылды..
Одақтас 15 республикамен бірге Мәскеудің әр сөзін қағып алып отырған кездегі Қазақ футболының жетістігі бұл. КСРО құлады, желіге байланған елдер босады.
Енді есін жиған Қазақ КСР Футбол ассоциациясы 1992 жылы Қазақстан Республикасының Футбол ассоциациясы болып қайта құрылды. Дәл осы жылы Қазақстан елі ФИФА мен АФК-ға жартылай мүше болды. Қазақстанның егемен шаңырағы астында алғашқы Қазақстан чемпионаты мен ҚР-сының Кубогі өтті. Екі турнирде де алматылық «Қайрат» озып шықты. Екі жыл өте ФИФА мен АФК -ның толық мүшелігіне қабылдандық.
1999 жыл. 1998 жылдың футбол маусымын қорытындылаған ФИФА Қазақстанның футболын өз дамуында айтарлықтай жетістікке жеткен әлемдегі 10 елдің қатарына енгізді.

Қазақстанның футболдан құрама командасы. 2013 жыл
Қазақстанның футболдан құрама командасы. 2013 жыл

2000 жылы Қазақстан Республикасының Футбол ассоциациясы атауы Қазақстанның Футбол Одағы деп өзгертілді. 2000-2001 жылдар халық демін тарта, не болар екен деп күткен уақыт. 2000 жылдың 21-қаңтары мен 2001-дің 21-қаңтарында ҚФО-ның президенті Рахат Әлиев ФИФА басшысы Йозеф Блаттер және УЕФА-ның сол кездегі президенті Леннарт Юханссонмен кездеседі. Мәскеуде өткен бұл жүздесуде ҚФО-ғы УЕФА-ның құрамына өтуге ниетті екендігін білдіреді. Бұл – бұған дейін АФК-да ойнап келген Қазақстан, енді ол Конфедерациядан шығып Еуропаның футбол қауымдатығына өтпек деген сөз. Юханссон мен Блаттер: «Өтсең өт, бірақ алдымен АФК-ның ойын біліп алайық» дегендей сыңай танытады. АФК болса, «Қазақстан өз таңдауын жасауда ерікті» деп қысқа қайырады. Сонымен, Азия футболынан кеткен Қазақстан Футбол Одағы 2002 жылдың 25-ші сәуірінде УЕФА-ның құрамына 52-ші мемлекет ретінде кірді. Міне, осыдан кейін Қазақстан футболының азулы клубтар арасындағы өмірі басталды.
Еуропа футболы-өзіндік жүйеге түскен, мәдениеті қалыптасқан, одан арысы үлкен ақша айналатын орта екендігімен ерен. Онда артық қадам жасап қою деген жоқ, Сан мың тәжірибені өткеріп, әбден ысылып алған футбол менеджменті бар. Ондағы бір ойында көрермен жанкүйерлердің кіру билетінен түсетін ақшаның өзі орасан. Сол тұстағы тегін кіретін ойынына көрермен жинай алмайтын қазақстандық клубтар үшін бұл деген алынбас асу болатын. Бертінге дейін қазақстандық клубтар бірде бір лиганың топтық кезеңі тұрмақ, плей-офф ойындарына да өте алмай келді. Үлкен есеппен ұтылуды ғана білетін. Қазақ көрермені футболдан көңілі қалып, «ее сол ма » деп селқос қана үн қатып қоя салды. УЕФА сапында 10 жыл жүріп, өз жанашыр жанкүйерін жоғалтқан қазақ футболы 11-ші жыл дегенде көптің назарын өзіне аударды.

Қарағандылық Шахтердің футболшылары жеңіс голын тойлауда
Қарағандылық Шахтердің футболшылары жеңіс голын тойлауда

Айтпақшы, ғасыр толған қазақ футболы Еуропа лигасы мен Чемпиондары лигасының плей-офф кезеңдеріне де жетті.

БАТЭ мен албаниялық «Скендербеу» клубтарын ұтқан қарағандылық «Шахтер» плей-оффта шотландиялық «»Сельтикпен» ойнайды. Ұтса, топқа өтеді. Ұтылса, Еуропа лигасында ойынын жалғастырады.

Ал, «Ақтөбе» болса, Еуропа лигасы іріктеуінің үшінші кезеңінде исландиялық «Брейдабликті» пенальтимен жеңді. Сөйтіп, жеребе бойынша Украинаның «Динамо Киевімен» түсті.
Екі клубымызға да жеребе жолдас болмады дейтіндер де бар. Дегенмен, осындай деңгейге жеткен «Шахтер» мен «Ақтөбе» екеуі де осал емес. Барын салып, қарсыласының жанын шығарады. Соған сенім мол.

Айтпақшы, аз күн бұрын біздің ұлттық құрама Астанада Грузиямен жолдастық кездесу өткізіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұған дейін Грузияны аттай алмай жүрген біздікілердің осы жолы мерейі үстем болды.

Бұл қазақ футболының 100 жылдық мерейтойындағы елеулі жетістік, бөрікті аспанға ататын сәт.
Спорт – әлдекімдерге үлкен ақша, ал халық үшін рух пен отаншылдықтың бастауы. Әлемдік аренада өз елінің аты аталып, жеңісі тойланғанын көру – Қазақстанға абырой, халқына медет.