Шымкенттегі жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалі бензин жоқтың қасы. Кәсіпкерлер бұл жағдайды өңірге жағармайдың аз жеткізілуімен байланыстырып отыр. Осыдан екі күн бұрын елімізде мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттаған болатын. Сөйте тұра, жанармай бекеттерінде бензин тапшы болып тұр.
Ірі бекеттер жанармайды тек талонмен таратып отыр. Одан қалса көлік иелері жоғары октанды, әрі бағасы да қымбатырақ сұйық отынды құюға бел байлаған. Кәсіпкерлер бұл жағдайды бензиннің аз жеткізілуімен және Шымкент мұнай өңдеу зауытының бір айдан бері жоспарлы жөндеуде тұрғанымен байланыстырады. Алайда зауыттың баспасөз қызметі зауытта алдын ала жинаған қор жеткілікті деп отыр.
Виктория Томашенцева, «ГазПромНефть» компаниясының ОҚО филиалының басшысы: «Шымкент мұнай зауытының жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты біз де сұйық отынды үнемдеуге көштік. Сонда ғана жағармайымыз қараша айының ортасына дейін жетеді, тапшылық болмайды. Қазір де бензин жоқ емес, бар, бірақ, үнемділік қажет.»