Елімізде жанармай бағасына қойылған мораторий аяқталғанына 1 айға жуықтады. Әзірге баға тұрақты. Мамандар дерегінше елде мұнай өнімінің қоры жеткілікті. Сондықтан сарапшылар баға тұрықты бақылауда болатынын айтады. Соған қарамастан елдіміздің әр өңірінде бензин құны әр түрлі.
Былтыр жанармай құнына шекті баға қойылған еді. Соған сәйкес АИ-92 бензинінің литрі 213–239 теңге, ал дизель отыны 317–337 теңге аралығында бекітілген. Қазір баға осы межеден аса қойған жоқ. Дегенмен жанармай құю бекеттерінде баға әртүрлі.
Мәселен, Шымкентте АИ-95 бензині шамамен 300 теңге, ал АИ-92 — 225 теңге көлемінде сатылып жатыр. Елордада бұл көрсеткіш біршама жоғары: АИ-95 шамамен 310 теңге, АИ-92 – 237 теңге төңірегінде. Алматыда АИ-95 — 320 теңгеге дейін жетсе, АИ-92 шамамен 240 теңгеге жуық. Ал дизель отыны ел бойынша орта есеппен 333–335 теңге аралығын құрап отыр. Мамандар жанармай бағасын әлі де бақылауда болатынын айтады.
АСҚАР ИСМАИЛОВ, МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ: «Энергетика министрлігі бағаның ай сайын шамамен бір теңгеге өсетінін айтқан болатын. Яғни, мемлекет бұл үдеріске араласып, бақылау жүргізетінін көрсетеді. Мұнда ең бастысы – бағаның өсуінен нақты кім пайда көретінін қадағалау. Яғни, бір жағынан бұл қарапайым азаматтардың қалтасына ауыр салмақ салмауы керек, екінші жағынан мұнай өндіруші компаниялар да осы қаржыны кен орындарын дамытуға, қайта инвестиция құя алуы тиіс»
Дегенмен алда жанармай құнының өзгеруі Ресей нарығындағы ахуалға да байланысты болуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, көрші елде бензин бағасы Қазақстанмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға жоғары. Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдегі жанар-жағармай нарығы сұраныс пен ұсынысқа сай жасақталады. Қазірше ішкі нарықта тапшылық тіркелмеген.
САНЖАР ЖАРКЕШОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазіргі таңда елімізде шамамен 600 мың тонна бензин және 600 мың тонна дизель отынының қоры бар. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Яғни, жанармай тапшылығы жоқ және бағаның күрт өсуіне негіз жоқ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ облыстардағы әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтар нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сондықтан жанармай бағасының негізсіз немесе күрт өсуіне жол берілмейді»
Қазақстанда жанармай құны әлемдегі ең қолжетімді бағалардың бірі саналады. GlobalPetrolPrices дерегіне сәйкес, елде АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 50 цент тұрады. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден үш есе төмен. Қазір дүниежүзінде бензиннің орташа бағасы 1 доллар 37 центті құрайды.
Әсел Мәлік






