Көңілді тапқырлардың көңілді кезекті кешін ОҚМУ құрамасы бастады. Ә дегеннен-ақ өнерпаздар қызықты әзілдерін ұсынып, көрерменнің қошеметіне ие болды. Жас әзілкештер осы сәтті ойынын дайындықтың нәтижесі деп біледі.
Бұл бәсекеде «Жайдарманның» жарқын сахнасында Оңтүстіктің белсенді 21 құрамасы өнер көрсетті. Тек жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында өрбіген ойында «Қазақстан КВН одағының» редакторы Оңдас Құлымбетов, «Жайдарманның» белді ойыншысы Аятдин Сүлейменов, «Арман» тобының әншісі Жаңабай Ғалымжан, «Шымкент жастары» мекемесінің директоры Ерлан Айтбаев, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жандос Қалтаев қазылық жасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сахнада орындалатын әзілкештер әзілі алдымен редакторлық тексеруден өтеді. Себебі шымкенттік КТК ойындарында анайы әзілдер көбейген.
Абай Андабаев, «Қазақстанның КВН одағы» ОҚОФ төрағасы: «Қазіргі уақытта республикалық сайыстарда шымкенттік әзілкештердің орындауында ұятты және анайы әзілдер көп айтылады деген пікір қаптап кетті. Сондықтан біз редакторлық топ жасақтадық. Сахнаға шығар алдында ойыншылардың айтатын әрбір әзілі тыңдалып барып, сахналанады. Сонда көпшіліктің КТК ойындарына деген көзқарасы өзгереді. Біз қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз».
Меруерт Бақытбекова, көрермен: «Әбден риза болып күліп, көңілім көтеріліп қалды. КВН-ге келгендегі мақсатымыз да осы емес пе? Күні бойы жұмыста болған соң, бір сергіп қалуды қалаймыз. Қазір Шымкентте «Жайдарман» әзілдері қайта жанданып келеді. Құдайға шүкір.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YUggdqw3_Fk[/youtube]
Осылайша «Жайдарманның» маусымашары қызықты өтті деп тарасты көпшілік. Ал сахнада өнер көрсеткен ойыншылар арнайы дипломмен марапатталды. Қазіргі уақытта жас өнерпаздар қала әкімінің жүлдесі үшін өтетін КТК ойындарына дайындалып жатыр.