Жайдарманда «Шымкент жастары» құрамасы жеңіске жетті

925

«Жаным әшейін», «Шымкент жастары», «Нағыз джентельмендер» және «Сырдария». Бұлар – бір жыл бойы әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлап келген 100 құраманың ішінде ақтық сынға суырылып шыққан командалар.

Ойында командалар үш сайыста бақ сынады. Алғашқы кезең – өздерін таныстыруда командалар өз университеттері туралы 1 минуттық ролик көрсетіп, 5 минут ішінде өздерін таныстыру тиіс болды.
«Шығармашыл жастар» қоғамдық бірлестігі және жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткен әзіл додасында жайдарманшылардың ең үздік деген әзілдерін әзірлегені көрініп тұр. Лық толы зал соның бір дәлелі болса керек.

Осы жолғы қазылар алқасының құрамы да ерекше. Арасында әдеттегідей жайдарманның танымал түлектерімен қатар палуандар мен футболшылар да болды. Мұны көрген жайдарманшылар сәтті дұрыс пайдаланып, қазыларды да әзілге тартты.

Сонымен, командалар бірінші сайыс бойынша бағаларымен танысып, бірден екінші кезеңге кірісті. Ол – жамбы ату деп аталды. Шарт бойынша әр құрамадан бір ойыншы әзіл оқиды, егер айтқан әзілі қазылар алқасының көңілінен шықпаса, ойыннан шығып отырады. Осылайша бір жеңімпаз қалғанша жалғаса береді.
Бұл кезеңде жүзден жүйрік атанған – «Жаным әшейін» құрамасының өкілі болды. Жастардың ең сүйікті ойыншысы Ұлан жеңіліп қалса таңқаларлық жайт болатын еді дейді көрермендер.

Ал соңғы кезең – үй тапсырмасы. Бұл жерде ойыншылар жайдарманның бұрынғы ойыншыларымен бірге өнер көрсетті.

Жайдарманда "Шымкент жастары" құрамасы жеңіске жетті

Осылайша бірнеше сағатқа созылған жайдарман ойыны да өз мәресіне жетті. Сонымен, үш кезеңнің қорытындысы бойынша 3-орын Нағыз джентельмендер құрамасына бұйырса, екінші орынды «Жаным әшейін» командасы иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының «Шымкент жастары» құрамасы чемпион атанды.