Шығыстың осы жекпе-жек спорт түрінен Шымкенттің саңлақтары Азия чемпионатынан оралды. Бұл жолы облыс қоржынына алтын медаль салынбаса да жерлестеріміз құрлық біріншілігінен құралақан қайтқан жоқ. Екі спортшы күмістен алқа тағынса, тағы екеуі қола медальды жеңіп алды.
Дархан Асаділов биыл да Азия чемпионатында ептілік танытты. Дубайда өткен байрақты жарыста Дархан командалық «Кумитэ» тәсілінде күмістен алқа тақты.
Мөлдір Дүйсенбай да бұл жолғы байрақты дода барысында жүлделі болды. Ол жасөспірімдер арасында 3-орыннан көрінді. «Ел намысын қорғап, жүлделі болғаныма қуаныштымын. Бірінші орынды алуға тәжірибе аздық етті. Енді келесі жылы өтетін Азия ойындарында бұл қателіктерді жібермеймін деп ойлаймын. Басты мақсат — алтын медаль екені даусыз» деп бойжеткен ағынан жарылды.
Дубайда жалауы көтерілген Азия чемпионытында ел құрамасының сапында шымкенттік бірнеше каратэші де болды. Мөлдір мен Дарханнан бөлек Мейрамбек Төлеев екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Біріншісі күміс болса, екіншісі — 75 келілер арасында жеңіп алған қола алқасы.
Шаттық Қажымұқанов, жаттықтырушы: «Биылғы маусым біз үшін сәтті болды деп айта аламыз. Өйткені, Әлем чемпионатында да жақсы нәтиже көрсеттік. Енді Азия чемпионатында төрт бірдей жүлдеге қол жеткізіп отырмыз. Жоспар орындалды. Ендігі мақсат — алтын медаль жеңіп алу.»
Осымен биылғы маусым аяқталды. Нәтиже бапкерлердің көңілінен шығып отыр. Ендігі мақсат — 2014 жылы өтетін Азия ойындарында топты жару.