«Мен ешкімнен қашып жүрген жоқпын»

Қайрат Түнтеков
Қайрат Түнтеков
Қайрат Түнтеков

– Көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған, ерекше дауысқа ие Қайрат соңғы уақытта сахнадан көрінбей кетті. Сіз қайда жүрсіз?

– Мен ешқайда да кеткен жоқпын. Тек біраз уақыт демалдым.

– Осы демалысыңыздан кейін көрермендеріңіз бен тыңдармандарыңызды қандай жаңалықпен қуантпақшысыз?

– Алғаш рет өзім туып-өскен қаламда, яғни Шымкентте жеке шығармашылық концертімді өткізбекшімін. Бұл – менің оңтүстік жұртшылығына деген сыйым. Осы уақытқа дейін жинақталған әндерім осы кеште шырқалады.

– Бүгінде Сіздің репертуары-ңызда қанша ән бар? 

– Дәл қазір сізге нақты санын айта алмаймын. Бірақ, бір айтарым, әншінің абыройы оның әні мен бейнебаянының санымен емес, әннің сапасымен өлшенеді.

– Басыңыздан өткен келеңсіз жағдайдан хабардармыз. Ол мәселе шешімін тапты ма?

– Иә, екіжақты ортақ келісімге келдік. Уайымдайтындай ешнәрсе жоқ.

– Ешкімнен қашып жүрген жоқсыз ғой?

– Жоқ, әрине. Егер қашып жүретіндей болсам, осылай ашық концертімді өткізер ме едім. Немесе шетелге кетіп қалуыма да болар еді ғой.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Шығармашылығымды жалғас-тырамын. Жаңа альбом жазып, әндерімнің қатарын көбейтпекпін.

– Арманыңыз не?

– Қазақстан атынан халықаралық «Евровидение» байқауына қатысып, жеңімпаз атану.

– Өмірде неге жаныңыз ауырады?

– Әнші болуға еш мүмкіндігі мен жағдайы жоқ талантты жастарды көргенде жаным ашиды. Оларды көріп, өзімнің жас кезім есіме түседі. Демеуші болып, көмектескім-ақ келеді. Бірақ, әттең… Ондай демеушіге өзім де зәрумін. Демеушім болса, осы күнде біраз жетістікке жеткен болар едім.. Дегенмен, нағыз дарынды қыз-жігіттерге қолдан келгенше көмектесуге тырысамын.

– Болашақта осы өнер жолында қаласыз ба, әлде басқа салаға кеткіңіз келе ме?

– Әншілік өнерімді ешқашан тастамаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлнұр СӘТБАЕВА