Жаңа жыл мерекесіне дейін санаулы күндер қалды. Жерлестеріміз қазірдің өзінде шыршаға арналған ойыншықтар мен туыс-жекжатқа деген сый-кәдесін қамдап жатыр. Ал бұл кезде «Ладушки» кондитерлік желісі жаңа жылдық дайындықты балалар үйінің бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлаудан бастады. Балалардың арман еткен шыршасымен бірге ғажайыптар әлемі жайында жазсақ.
Шымкенттегі ең ерекше шыршалардың бірі «Ладушки» кондитерлік желісінде болса керек. Ойыншықтар мен жылтырлақ жапсырмалардан бөлек, шыршадан кішкентай балақайлардың керемет суреттерін көзіңіз шалады. Айта кетейік, бұл туындылардың екінші жағында 1-мамыр балалар үйінің Аяз атаға жолдаған арман-тілектері жазылған.
Барно Ахметова, «Ладушки» кондитерлік желісінің басқарушысы: «Қайырымдылық акциясына қатысып, балаларға жаңа жылдық көңіл-күй сыйлаймын деушілерге есігіміз ашық. Бізге келіп, суреттердегі армандарын оқып, орындай аласыз.»
Балалардың суретке жазған армандары қарапайым екен. Хатта ойыншық пен киім-кешек сатып алғысы келетіндерін де айтқан. Заманауи және сәнді джинсы шалбарын киюді қалайтындар да бар екен. Тек балалар үйінің 10 жасар тәрбиеленушісі ғана жаңа жылдық сыйлыққа кішкентай қуыршақ алғысы келіпті.
Балалардың мұндай әсерлі армандары ересектердің жүрегін бей-жай қалдырмасы анық. Шыршада аз ғана сурет қалды. 28-желтоқсанға дейін акция аяқталады, бірақ мереке қарсаңында ешкім сыйлықсыз қалмайды дейді «Ладушки» желісінің ұжымы.
Янис Сидирополо, қала тұрғыны: «Бұл көмекті әрбір адам көрсете алады. Мұнда бәрінен бұрын балалардың көңілі қымбат. Шырша кішкентай-ақ қой, тіпті, шыршаны көтеріп, армандарының бәрін орындағым келеді. Ол үшін көп нәрсенің қажеті жоқ, 5 минут қана уақытымыз кетеді.»
Бұл шараға кез келген адам қатыса алады және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жеке тарту жасауына да мүмкіндігі бар. 28-желтоқсанға дейін Бірінші мамыр балалар үйіне сыйлықтар керуені жол тартпақ.
Себебі, нағыз мейрамның мәні шыршаның жарығы жанғанда балалардың да жанары жайнап тұрғанда болса керек. Бұл балалар сиқырдың орындалатынына сенеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AMScdO3VmC0[/youtube]