Тәуелсіздік тартулары

996 жылдың қазаны. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары іссапармен Англияға бардық

Ия, өмір сабағында есте қалар жәйттер аз емес. Жаныңа ерекше әсер еткен өмірдің кейбір сындарлы сәттерін мәңгілік ұмыта алмайтының рас. Мұның бәрі Қазақ Еліне Алланың берген баға жетпес сыйлығы –Тәуелсіздік тартқан тартулары деп білемін.

996 жылдың қазаны. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары  іссапармен Англияға бардық
996 жылдың қазаны. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары іссапармен Англияға бардық

Франкфурттағы кездесу

1996 жылдың қазаны. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары іссапармен Англияға бардық. Ол жақтағы халық қалаулыларымен, заң шығару жұмыстарымен таныстық. Қайтатын мезгіл де жетті. Лондоннан Германияға, яғни Франкфуртқа жеттік, енді осы жерден Алматыға ұшпақпыз.

Әуежайға келіп, құжаттарымызды тіркеп, заттарымызды тексерттік. Барлығымыздың елге апара жатқан сәлем-сауқатымыз да жоқ емес. Сөйтсек, Лондоннан сатып алған заттарымызды елге алып кетуге рұқсат беретін қағазды алмаған екенбіз. Оны кім білген? Әуежайдың кедендік қызметі барлығын тәркілеп алды. Толықтау келген неміс кеденшісінің беті қалың, түрі мұз. Ешқайсымыз да неміс тілін білмейміз. Көңіл-күйіміз түсіп кетсе де, енді ештеңе жасауға болмайтынын мойынсұнып үлгергенбіз.

Сол сәтте Ерғали Бөлегенов (Бүгінде Қазақстанның Белорусь мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі-Ә.Ы) бірден :

– Мен ана немісті танимын, – дейді.

– Танығаны несі, біз Шымкентте емес, Германияда жүрміз ғой? – деп мен күлдім.

Біраз уақыттан кейін Ерғали:

– Е-е мен сені танимын ғой! – деді ана неміс кеденшісіне қарап.

Күтпеген жерден:

– Қайдан? – деген дауысқа екеуміз де жалт қарадық. Сұрақ қойып тұрған депутаттардың заттарын алып қойған әлгі кеденші. Қатты таң қалғаным соншалық:

– Сен қайдан білесің қазақ тілін? – деп сұрадым.

– Мен Қазақстанда тұрғанмын, екі жыл бұрын көшіп келдім, – демесі бар ма әлгі немістің. Екеуміз де:

– Қазақстанның қай жерінде тұрдың? – деп тәптіштеп сұрап жатырмыз.

Сөйтсек, ол қазақтың қалың ортасы Жетісайда өскен, шынымен біздің Шымкент жақтың немісі екен. Кейін Германияға анасымен көшіп келіпті. Орыс, қазақ тілдерін білгеннен кейін ТМД елдерінің ұшақтары ұшатын жағына қызметке қойылыпты. Осында жұмыс істейтініне бір жылдай болған екен.

– Бауырым, қазақтың мына сөзін білесің бе? «Өзің су ішкен құдығыңа түкірме», – деген.

Бағанағы немістің мұзы еріген. Жылы жымиысы қосылып екі беті қызара түсті. Басын төмен қаратып: «Аға, кешіріңізші», – дей береді.

Жаңағы неміс отандасымды қолтықтап алып, Қаратай ағам мен бір топ әріптестерім отырған жерге алып келдім.

– Ағалар, кешіріңіздерші! Бір қателік кетті. Мен қазақ халқының нанын жеп өскен азаматпын. Заттарыңыздың бәрін қайтарып берем, – деді. Таза қазақ тілінде. Депутаттардың барлығы аң-таң, туған-туысқа деген сыйлықтарын алып, мәз-мейрам болып қалды.

Өмірдің өзі қызық. Қалай дегенімізбен, «тау мен тау емес, адам мен адам кездеседі» ғой. Қазақ елінен көрген жақсылығын осылай өтеген, жат елде кездесіп, жан жылуын ұсынған неміс азаматының бейнесі есімде сақталып қалыпты. Қайран, қазақтың дархан даласы талайларға құшағыңды ашып, көзден аққан талай жастың жұбатушысы болдың емес пе? Сенің киең мен қадір-қасиетің қаншама ұлт өкілдерінің жүректерін шабыттандырып, оның бақытқа бастаушысы болды емес пе!

«Қай жобаны таңдаймыз?»

1997 жылы 14 мамыр сындарлы сәт еді. Сынға түсу қашан да оңай емесі анық.. Төрт ай бойғы талқылаудан кейін Мәжілісте мен ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» және Үкімет ұсынған «Көші қон туралы» заң жобалары қатар қаралды. Өйткені, екеуінің біреуі ғана таңдалмақ. Қайсысы елімізге керек? 20 министр қол қойған Үкімет жобасы ма? Әлде ауылдан шыққан Әкім Ысқақ жобасы ма? Кімді де болса толғандырған осы сұрақ. Депутаттар қай заң жобасын қолдаса, сол жоба өтпек. Таңдалған жобамен Парламент әрі қарай жұмысын жалғастырмақ. Бірақ, Үкімет жобасында шикіліктер көп. Онда негізінен отандастар жағдайы қарастырылған. Бұған Қазақстанда туған өзге ұлттың өкілдерінің бәрі жатады. Сондай-ақ, Отанға оралушы жергілікті ұлт өкілдері мен босқындар мәртебесін біріктіріп жіберген. Егер бұл заң жобасы қабылдана қалса, Қазақ елі босқындар еліне айналмақ. Бәрінен де сорақысы елімізден көшіп кетушілер ғана республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. Ал бізге көшіп келетіндерді жергілікті жерге сілтей салған. Сонда Қазақстанға көшіп келетіндер кімдер? Көшіп кететіндер кімдер? Бұл көзі қарақты жандарға түсінікті. Жаның ауыра ма, жоқ па? Қаның қайнай ма, қайнамай ма? Міне, осыдан соң ғана амалсыз балама жоба ұсынғанмын.

Алғашқы сөз кезегі әдеттегідей Үкімет атынан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Н.А.Коржоваға берілді. Ол белгілі, жұртқа жақсы таныс ресми тілде сөйледі. Біздің заң жобамызды «өздерінше атаған баламасымақ» деп кекетіп те өтті. Үкіметтік жобада барлық ұлттың жағдайы қарастырылғанын тілге тиек етті. Осынау сөздерді естігенде шыдамсызданып отырдым.

Сөз кезегі маған тигенде асыққаным соншалық баяндамамды ұмытып, құстай ұшып, мінберге қалай жеткенімді білмедім. Өмірдің өткелінде тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыздың жүрек шырылы мен жан дауысы жаныма маза бермей, сергелдең күйде жүрген кезім еді. Асыл арманды арқалап, елге жете алмай жүрген қандастарымның ақ пейілінің көмегі болар, «ұлтшылсың» дегенге жеткен ханымның іс-әрекеті де намысымды қамшылады. Бабалар аманаты – қазағымның жоғын жоқтап, қарапайым, әрі киелі тілін қорғау да парызым еді. «Е, Алла бір өзің қолдай гөр» деп іштей өзімді қайрай түстім. Ешқандай қағазға қарамай, тоқтамай сөйледім. Мен үшін шеттегі қандастарым өз туған жерінен алшақтап, бөгде елде жүрсе де, бүкіл қазақтың қазақи болмысы мен ана тілін бабалар аманатындай қорғап, ана әлдиіндей баға жетпес байлыққа балаған асыл жандар. Өзге халықтың әнұранын тыңдап өссе де, ұрпағына ұлт тәлімін сіңірген бауырларымыз олар. Желмен тербелген шөбінің сылдырынан қобыздың үнін ұлт сағынышындай ұғынған аяулы алтын ағайындарым ғой, менің!

Түйінді сөзде:

– Ар жетім болар егер де,

Арыңды біреу лайласа.

Бақ жетім болар егер де,

Бағыңды біреу байласа…

Сөз жетім болар егер де,

Сөзіңе ешкім нанбаса,

Көз жетім болар егер де,

Көз қырын ешкім салмаса.

Сыр жетім болар егер де,

Сырласар досың болмаса.

Қыр жетім болар егер де,

Қырларға гүлдер толмаса.

Көл жетім болар егер де,

Аққу-қаздар қонбаса,

Адам жетім болар егер де,

Өз Отаны болмаса,

Қазақ жетім болар егер де,

Өз перзенттері болмаса…

Бір қарасам… Залдағы депутаттардың бәрі көздеріне жас алуда. Сөйтсем, өзімнің көзімнен жас парлап тұр екен! Қызу талқылау басталды. Ана тілімде сөйлесем де, әріптестеріме жүрек сөзімді жеткізе біліппін. Дауыс беру нәтижесінде маған 3-ақ дауыс қарсы беріліп, өзгелері қолдады.

Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов «Бұл күнді тарихи оқиға, бұдан былай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», – деп бағалап, сонау төрдегі орнынан түсіп келіп, артта отырған менің қолымды алып, бүкіл депутаттардың көзінше ақ тілегін жеткізді.

1998 жылы Американың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джоунс демократияға үлес қосқан депутат ретінде мені Америка құрама штаттарына шақырды
1998 жылы Американың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джоунс демократияға үлес қосқан депутат ретінде мені Америка құрама штаттарына шақырды

«Күте тұрыңыз…»

1998 жылы Американың Қазақстандағы елшісі Элизабет Джоунс демократияға үлес қосқан депутат ретінде мені Америка құрама штаттарына шақырды. Ондағы мақсат – сол алып елдің заңдарымен танысу, ондағы асырап алған балалардың тағдырына көңіл бөлу еді.

Сонымен, шағын қазақстандық делегацияның жетекшісі болып жолға шықтым. (Топ құрамында Шолпан Сайпена, Білім министрлігінің жауапты қызметкері, «Жұма-пятница» газетінің бас редакторы Светлана Синицкая бар). Вашингтон, Нью-Йорк, Лос Анжелос, Детроид, Неаполис т.б. сияқты бірнеше қалаларды араладық.

Бес-алты штатта кездесулерімнің бәрінде тек өз ана тілімде сөйледім. Ол егемендігіне енді ғана қол жеткізген жаңа Қазақстанның мемлекеттік тілін ұғынсын, менің ана тіліме құрметпен қарасын деген ізгі ниет еді. Мен қазақ тілінде сөйлеймін. Шолпан оны орыс тіліне аударады. Ал американдық тілмаш оны ағылшын тіліне аударады. Және керісінше, американдықтар сөзін аудармашы орыс тіліне, оны Шолпан апайымыз қазақша тәржімалап жүрді.

Лос-Анджелестағы кезекті басқосудың соңында менің құрметіме бір беделді компанияның президенті (аты-жөнін ұмыттым, әйел кісі) дастархан жайды. Кенет әңгіме үстінде:

– Ысқақ мырза, сіз ағылшын тілін білесіз бе? – деп сұрады.

Сол сәтте еш кідірместен:

– Ал сіз қазақ тілін білесіз бе? – деп қарсы сұрақты қойып қалдым. Өйткені, әркімге өз тілі қымбат емес пе?! Әлгі кісі сасқалақтай бастады. Ойланыңқырап біраз отырды. Негізінен мұндай сұрақты күтпегені рас еді. Мен де ішімнен ыңғайсызданып тұрмын. «Ағылшын тілі мен қазақ тілін тең дәрежеде қойғаным қалай болды?». Дегенмен бұл алпауыт елдің жаңадан егемендігін алған жас мемелекеттің тіліне де құрметпен қарасын деген ой мазалап, мені жеңіп кеткен кезі еді.

Артынша американдық ханым:

– Қазақ тілінде тек бір ауыз сөз білем, – деп орнынан асықпай тұрды.

Мына сөзді естіген соң, мендегі мазасыздық тіпті күшейді. «Қазір әлгі кісі қазақ тілі деп Азияның бір тілін қойып қала ма екен» деген күдігім де бар.

Қазақ тілінде тек бір ауыз сөз білем, – деп қайталады ол. Демін ішке тартты да: «Күте тұрыңыз…», «Күте тұрыңыз…» – деп айна-қатесіз таза қазақ тілінде айтты. Содан алдындағы су толы рюмканы ұстап: «Қазақ халқы үшін көтеремін», – деді.

Сол сәт үнсіз қалғым келмей орнымнан атып тұрдым.

– Мен де ағылшынша бір-ақ ауыз сөз білемін. «Санкью», – дедім.

– Бұрын Қазақстанда болып па едіңіз? – дедім біраздан соң қызығушылықпен.

– Жоқ!

– Қазақстанда таныстарыңыз бар ма?

– Жоқ!

– Онда бұл сөзді қалай үйрендіңіз?

– Бірде сырттай білетін Алматы деген қалаларыңызға жұмыс бабымен телефон соғуыма тура келді. Тұтқаның ар жағынан автоматты түрде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде «күте тұрыңыз» деген сөзді естідім. Тез арада әлгі сөзді бір керегі болар деп блокнотыма жазып алдым. Содан есімде сақтап, бір керегіме жаратамын деген ойда жүрдім. Міне сол сөзді сіздің алдыңызда бірінші рет жеткізіп отырмын, – деді сырын ашып.

Қазақы Настя

…Баянауыл атауы жөнінде ел ішінде тараған аңыздар көп. Қазақтың маңдайына біткен ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановтың зерттеуіне сүйенсек, моңғол тілінен аударғанда «Баян» – молшылық және «Ола» – тау деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, бұл ырыс пен бақ дарыған берекелі мекен, молшылық тауы дегенді аңғартса керек.

Тау баласын тау шыңдайды ғой. Көркіне көз тоймас осынау киелі жердің тағы бір ерекшелігі – қаймағы бұзылмаған қазақилығы дер едім.

Баян жеріне барған сапарымда сол кездегі аудан әкімі, қагілез жан Қорабай Шәкіровке соққаным бар. Қабылдау бөлмесінің есігін ашып кіре бере, бұрышта отырған өзі сары, көзі көк хатшы қызға үйреншікті әдетпен:

– Здравствуйте! – деп, өзіне түсінікті тілде сәлем бердім.

Орнынан күлімсірей көтерілген қыпша бел, сүйкімді қыз:

– Сәлеметсіз бе, аға?- деп сызыла үн қатты.

Сол сәт осы бір жауап маған әлемдегі ең әдемі сөздей әсер қалдырды. Себебі, аудан әкімінің кіре берісінен қарсы алған қазақи жылылық жан дүниемді шуаққа бөледі. Сонда мен Кеңес дәуірінен бері көп өңірлерде қалыптасып қалған ресми орысшаның бұл елде дәурен құрып тұрмағанына көзімді анық жеткіздім.

Қазақи әдептілік, қарапайымдылық өн бойынан ескен қыздың аты Настя екен.

– Аға, қәзір жиналыс болып жатыр, бес-он минөтте бітеді, шай іше отырыңыз..

– Рахмет, айналайын! Қазақ тілін қалай үйрендің?

– Аға! Қазақ елінде өмір сүріп, қазақша білмегеніміз ұят емес пе?! Шынымды айтсам, менің жаным қазақ болып кеткен…

Мінезі де жайдары, ашық. Жауабы да жарасымды. Іңкәр көңілмен ізет білдірген арудың жүзінен ертедегі асыл аналарымыздың бейнесі елес бергендей. Күлімсіреген көк көздерінен қазақи тәрбиенің тағылымы мен тәлімі ұшқын атып тұрды.

Бұл жәйт баяғы Мәшһүр Жүсіптің баласы жоқ орыс досына ішірткі беріп, перзентті болған оқиғасын еске түсірді. Бірнеше жылдардан кейін сағым далада қой жайып жүрген өзі сары, көк көзді баладан:

– Кімнің баласысың? – дегенде:

– Мәшһүр Жүсіптің баласымын! – деп жауап қатады.

– Оның мұндай баласы жоқ еді ғой?

– Ол кісінің құдайдан сұрап алған перзенттерінің бірімін! – деп түрі өзге жанның таза қазақша сайрай жөнелгені ойға оралады.

Айтқандай-ақ, қазақтың тілін, дәстүрін меңгерген сол Настямыз кейіннен қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты.

Осыдан кейін бұл сайын даланы қалай киелі демессің?!

Қазақ елінің бір ғана пұшпағы Баянауылда осындай болып жатқанда, кең-байтақ елімнің әр түкпірінде жүрегі, жаны қазақ деп соғатын отандастарымыздың өте көп екендігіне сенім мол. Бұл Тәуелсіздікпен бірге келген жетістігіміз.

Әкім Ысқақ, Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері