Úı ANONS Тәуелсіздік – қазақтың басты құндылығы

Тәуелсіздік – қазақтың басты құндылығы

фото qazaqstan.tv

 

Тәуелсіздік — қазақтың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Тәуелсіздік үшін күрес, азаттықты аңсау сол Әбілқайыр ханның кезінен басталып Д.А.Қонаевқа дейін жалғасты.

Биыл Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 34 жыл. Отыз төрт жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл ата-бабамыздан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан мүлдем жаңа тарихты бастады. Егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Өзіміздің белгіленген шекарамыз, дініміз бен тіліміз, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық құндылықтарымыз бар тәуелсіз зайырлы елге айналдық.

Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген.

Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-на кірді. Сонымен қоса Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкісіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму ассоциациясының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республиканың саяси басшылығы өз азаматтарының құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Еліміздің Конституциясында адамды тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, діни көзқарасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайтындағы анық айтылған.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалды. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары айрықша даму үстінде. Болашақта еліміз әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарынан орын алатынына барлық қазақстандық күмәнсіз сенеді. Еліміздің нығайып халықаралық беделінің өскенін көрген әрбір қазақстандықтың кеудесінде мақтаныш сезімі бар. Қазір іргелі тәуелсіз ел, демократиялық дәстүрді берік ұстанған қуатты мемлекет болдық.

Мемлекеттік мүдде жолындағы барлық саяси қадамы сәтті болсын.

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Айтпақшы!

16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. 2025 жылы бұл мереке сейсенбіге түседі, сондықтан аптаның ортасында қысқа үзіліс болады. Аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін де Тәуелсіздік күні демалыс болады.

Айжан Ермекқызы