«…500 теңгеге бола темірге өткізетіндерді түсінбеймін»

Мұражайда мыс тегененің суреті ілулі тұрған еді. Кейін бір азамат соны көріп, «осындай көне тегене біздің үйдің сарайында жатыр
Мұрат Бекбаев, «Тұран-Түркістан» телеарнасының директоры
Мұрат Бекбаев, «Тұран-Түркістан» телеарнасының директоры

– Мұрат аға, үйіңізді мұражайға айналдыруға болатын-ақ жәдігер жинапсыз. Мұншама тарихи затты қайдан алдыңыз? 

– Мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды жинақтап жүргенмін. Бұдан 5 жыл бұрын көрші жігіт хабар берді. Бір қария қаншама жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап келген жәдігерлерді тастап кететін адам іздеп жүр деп. Ұл-қыздары көне заттарды үйлерінде тұрғанын құп көрмесе керек. Мектепке өткізсе, кішкентай балалар құмыра, тағы басқа бұйымдарды сындырып тастапты. Сосын мен барып мол байлықты мұраға алып қалғым келетінін айттым. Бұл істі ары қарай жандандыруыма сенген болуы керек, көлігіме артып жіберді бүкіл жәдігерлерін. Түркістанға келіп, бір үйді жалға алып, мұражай жасадым. Ескі мен жаңа дәуірді үндестіріп, мұражай ашу арманым еді. Қазір біздің мұражайдан 1932 жылғы қымыз-шұбат құятын ағаш шара, 1600-1700 жылдарға жататын бидайды ұнтақтайтын қол диірмен, ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы қыш құмыра, қыш табақ, 1600-1700 жылғы құмандар, т.б. көне бұйымдармен қатар, қазіргі қолөнер шеберлерінің де жасаған заттарын таба аласыз. Негізі рухани астанадан табылып жатқан көне жәдігерлер сырт жаққа, темір-терсек өткізетін жерге кетіп қалмасын деген ниетпен ашылған мұражай бұл.

Мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды жинақтап жүргенмін
Мен қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдарды жинақтап жүргенмін

– Ал соғыс жылдарындағы көмірмен қыздырылатын үтіктерді қайдан алдыңыз?

– Екі жыл бұрын Түркістанның базарына барғанмын. Үтіктерді сол базардан көрдім. Сатушы мың теңгеге бағалап тұр екен. Үшеуін сатып алып, жәдігерлердің қатарына қосып қойдым.

– Үйлеріндегі көне заттарды сізге әкеп беретіндер бар ма?

– Мұражайда мыс тегененің суреті ілулі тұрған еді. Кейін бір азамат соны көріп, «осындай көне тегене біздің үйдің сарайында жатыр. Лақтырып тастауға көз қимайды. Одан да сіздерге әкеп өткізейін» деп, өткен ғасырға жататын тегенені қолымызға тапсырды. Негізі ауыл-ауылдардан ерінбей іздесе, көп үйлердің сарайында қолданыстан әлдеқашан шығып қалған заттарды тауып алуға болады. Сосын ескі үйдің орнын бұзып, жаңа үй салар кезінде де жердің астынан шығатындары бар. Бірақ көп адамдар тиын-тебен болсын деп ол заттарды темір-терсек алатын жерге өткізіп жібереді, өкінішке қарай. Олар 1 кг ары кетсе 30-40 теңгеден алады. Сонда сіздің затыңыз 500 теңгенің айналасында ғана бағаланады. Мен келген адамдарға, жүрген жерлерімде айтып жүремін. «Темір-терсекке өткізгенше, бізге алып келіңдерші, әр затқа 2-3 мың берейін, ол қазақтың байлығы, тарихы» деп. Бұдан 5-10 жыл бұрын біздің кәсіпкерлер қазақ кілемдерін сатып алып, Түркияға жіберген. Қазір баяғы қазақи қолдан тоқылған кілемдер санаулы. Осындай кілемдерді де жинасам деп ойлап, сұрастырған едім, бір кілемге мың долларға дейін ақша сұрады. Оған қазір біздің шамамыз келмейді. Қазір мұражайда 300-ге жуық жәдігерлер бар. Әзірге сол жетеді. 

Мұражайда мыс тегененің суреті ілулі тұрған еді. Кейін бір азамат соны көріп, «осындай көне тегене біздің үйдің сарайында жатыр
Мұражайда мыс тегененің суреті ілулі тұрған еді. Кейін бір азамат соны көріп, «осындай көне тегене біздің үйдің сарайында жатыр

– Қазір осының барлығын жинап отырсыз. Кейін қайтесіз мұны?

– Жеке ғимаратымызды салып жатсақ, жәдігерлермен бірге көркемсурет галереясын ұйымдастырғым келеді. Ауылда қаншама суретші жігіттер жүр танылмай. Сондай талантты ұл-қыздарды қолдау мақсатында өзім қалтамнан ақша шығарып, керекті бояуларын, қағаздарын алып беріп, сурет салдыртып жүрмін. Мұражайды ақша жинау немесе атымды шығару мақсатында ашқан жоқпын. Талай адам мемлекетке өткіз деп айтты, сұрады. Ол менің байлығым емес, қоғамның байлығы. Оған Мұраттың заты деп емес, елдің заты деп қарау керек. Мектептерге өтініш айтамын. «Балалар мұражайға келсін, көрсін, қолмен ұстасын, сұрақ қойсын. Тегін. Көп мұражайға барсаңыз, суретке түсірмейді, бұйымдар шынының ішінде тұрады. Темір ұстағаннан сынып қалмайды ғой. Көне заттарды қолмен ұстап көрген бала тарихты түсініп өседі. 

«Темір-терсекке өткізгенше, бізге алып келіңдерші, әр затқа 2-3 мың берейін, ол қазақтың байлығы, тарихы» деп
«Темір-терсекке өткізгенше, бізге алып келіңдерші, әр затқа 2-3 мың берейін, ол қазақтың байлығы, тарихы» деп

Сондай-ақ, көктемге қарай жалынды, жігерлі, талантты жастардың басын қосып, продюсерлік орталық құрсам деген де ой бар. Студенттер бос уақыттарында осы үйге келіп, би үйренеді, көріністерге дайындалады. Мүгедек жандар келіп, бас қосып, өзара пікір алмасады. Былтыр көзі жақсы көрмейтін екі адамға массаж жасауды үйреттік. Бұл іс биыл да жалғасын табуы керек. Сосын төрт жылдан бері көктем шыға салысымен үйдің алдына екі киіз үй тігеміз. Мұғалімге ақша төлеп шақыртып, қара күзге дейін үйренемін деген адамға тегін домбыраның әліппесін үйретеміз. 7 жасар баладан 70-ке келген қарияға дейін келіп, домбыра ұстауды, қағыстарды, екі-үш күй, әндерді тартуды үйренеді. «Әр үйде домбыра ілулі тұрсын» деген қазақтың сөзін біз «қазақтың әр баласы шамасы келгенше домбыра тартып үйренсін» деп айтамыз. 1 жылда 200 адам үйренер. 5 жылда 1000 адам үйренер. Түркістанның рухани астана болуы осындай ұлттық құндылық-тарымызды сақтаудан басталады. Жобамыз көп. Атқаратын шаруаларымыз одан да көп. Қасымда қолдау білдіріп, әрбір жобаны үлкен іске айналдыруға көмектесіп жүрген азаматтарға, студент бауырларыма алғыс айтқым келеді. 

– Мұрат аға, құнды жәдігеріңіз көбейе берсін! Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен – Әйгерім Бегімбет