Алладан болсын не қайыр, өліден тілек тілесең?!

Алланы мансұқ етіп, әулиеден тілек тілейтіндердің қылығы мен тірлігін ақтап алуға бола ма?

Зиярат ету әдебі қандай болуы керектігі жиі айтылып жүрсе де Алладан гөрі өлген адамнан тілеуді жөн көретіндер әлі де табылып қалуда. Расында бүгінгі қоғам осы мәселеге келгенде екіге жарылатын сияқты. Мұны көріп, осы бір нәзік тақырыпты көтеріп, білгенімізбен бөлісуді жөн көрдік. Сонымен, Алланы мансұқ етіп, әулиеден тілек тілейтіндердің қылығы мен тірлігін ақтап алуға бола ма? 

Әу баста атам қазақ әруаққа сиынбаған, сыйлаған деп жатамыз. Расы да осы секілді мен үшін. Аллаһтан басқа жарылқаушы жоқ екені кәдік. Ешкім өз еркімен өзгеге шапағат ете алмайды да. Діни сауаты жоқ, тек бір-екі мәрте қарт шаһар Түркістандағы әулиелер мазарын аралап, өлген кісіден бата алып, жұрттың «жолын ашып»  беріп жүргендер Алла сөзін мойындамайды ма?! Құран мағынасына үңіліп, хадис құндылықтарын парақтар болса,  мұндай  надандыққа бой алдырмас еді. Бүгіндері ел ішінде емші атанып,  алдына келгенді жағдайына қарамай пәленше атаңның басына баруың керек, бағың байлаулы, аталардан бата алып, жолыңды ашып береміз деп Түркістанға  сүйреп, әулие аралатып, күнәға батырып жүргендер көп. Қаптап кеткен «емшілердің» көптігі де осыдан шығып отыр. Әулие аралауға шыққандаға әруақтарға арнап, мал союлары жүктеледі.  Шелпек, қант, дастархан мәзірі. 3 метр ақ мата, 1 метр белге байлайтын мата, 25000 теңге ақша талап етеді. Сосын көліктеріне мініп,  жауға аттанған жауынгерлер секілді жолға шығады. Оңтүстіктегі әулие-әмбілерді тізбектеп, басына түнеп, солардан тілеп, аталар атына бағыштап мал сойып және бейіттерін тәуап етіп келеді. Осы сапардан оралған  кісі (көбіне әйел заты) бір атадан бата алып келсе, Құдай сақтасын өзгенің болашағын болжап, жорамал жасап, оларды емдеп, қараңғы халықты өздерінше тазалай бастайды. 

Зиярат ету әдебі қандай болуы керектігі жиі айтылып жүрсе де  Алладан гөрі өлген адамнан тілеуді жөн көретіндер әлі де табылып қалуда. Расында бүгінгі қоғам осы мәселеге келгенде екіге жарылатын сияқты
Зиярат ету әдебі қандай болуы керектігі жиі айтылып жүрсе де Алладан гөрі өлген адамнан тілеуді жөн көретіндер әлі де табылып қалуда. Расында бүгінгі қоғам осы мәселеге келгенде екіге жарылатын сияқты

Қабір басына барып, өлгендерден тілек тілеп, Түркістандағы Яссауи кесенесін қасиетті Қағбаны айналғандай жеті рет айналып, тәуап етіп жататын, әруақтан тілек тілеп, бала сұрап жалбарынатын қауымның іс-әрекеті қаншалықты Исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде тыйым салынса да «Ақжол», «Ата жолы», «Сұңқар», «Аққу» деген атпен талай қазақ көш бастап, қиындыққа тап болғандарды қабір аралатып, олардан демеу сұратып жүр. Көктем шыға ақ шүберек байлаған автобустардың жолға шығып, ел кезіп, жер кезіп, әулие деп естіген кісінің бірін қоймай басына барып зиярат ететінін талай әңгіме еткенбіз. Амалы таусылған шарасыз жанның жиған-терген теңгесін жинап алып, жолын ашып берушілер де насихатты күшейтеді. Бұл осы дүниенің есебі, ал ақиретте ше? Алайда, олардың: «Біз аруақтардан емес, Алладан сұраймыз, тек біздің тілегімізді Аллаға аталар жеткізеді» деп жүргендері – рухани айла дейді имамдар. Өйткені Алла Тағала: «Алладан басқа нәрселерге табынасыңдар ма? Олар сендерге зиян тигізу қабілетіне де, пайда келтіру қабілетіне де ие емес қой. Алла естуші, әрі толық білуші» дейді («Маида» сүресі, 76-аят). Осы бізге анық дәлел емес пе?

Қалай алып қарасаң да қабірде жатқандардан тілек тілеуге болмайтыны айдай анық. Тілекті еститін де орындайтын да бір Құдай. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың» деп аталарымыз тегін айтпаған ғой. Алла тағала Фатиха сүресінің бесінші аятында бір Аллаға ғана құлшылық етіп, бір Алладан ғана сұрау қажеттігін адамдарға бұйырған екен. Ал, қабірде жатқан қандай қасиетті адам болса да, одан бірдеңе сұрау – Алланың қаһарын тудыратын серік қосу күнәсі екенін біліп қойғанымыз жөн. Шынайы көзбен қарасаң әулие, әнбие, әруақ – бұлардың бәрі өмірден өтіп кеткен адамдар. Олар біздің қайғы-қасіретімізге, қуаныш-шаттығымызға ортақтаса алмайды. Бізге ешқандай жәрдем тигізбейді. Тіпті олар біздің не тілеп, не сөйлеп жатқанымызды да естімейді. Бұл сөзімізге дәлелді тағы да айналып келіп Құраннан табамыз. «Егер оларға жалбарынсаңдар – дауыстарыңды естімейді. Егер, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ, Қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Аллаһтай сендерге ешкім түсіндірмейді» (Фатыр сүресі, 14-аят). «Тірілер мен өлілер тең емес… Мұхаммед (ғ.с.) сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың» (Фатыр сүресі, 22-аят). Ислами сенім Аллаһтың аяттарында келтірілгендей, тірілер мен өлілер тең еместігін нақтылай түседі. Өлілердің тірілерге көмектесуі мүмкін емес. Ал тірілер Құран оқып, дұға жасап, өлілерге көмектесе алады. О дүниедегі туыстарыңызға дұға жасасаңыз, Алла оның мәртебесін өсіреді екен.

Алланы мансұқ етіп, әулиеден тілек тілейтіндердің қылығы мен тірлігін ақтап алуға бола ма?
Алланы мансұқ етіп, әулиеден тілек тілейтіндердің қылығы мен тірлігін ақтап алуға бола ма?

Бақыт, бақ-дәулет, дертке шипа, құрсаққа перзент аңсаушылардың барар жері, басар тауы – әулиенің басы, бейіттің тасы екені өкінішті-ақ. Олар осылайша Жаратқанға емес, жаратылған – өзі сияқты пендеге жалбарынып жүр. Сөйтіп, тірілер әруаққа емес, әруақ тірілерге мұқтаж екенін ұмыта бастағандай. Қазақта «өлі риза болмай тірі байымайды» деген қағида бар. Мұны тура мағынасында түсінетін арамыздағы білімсіз қандастарымыз өлінің мұқтаждығын өтесең ол да саған жәрдемін тигізеді деп ойлайды екен. Мұндай сенім иелері тірілердің дұғасына мұқтаж болған өлгендер рухының тірі адамға зиян да, пайда да келтіре алмайтындығын ұқпайтынына таң қалмасқа лаж жоқ. Ел ішінде: «Адам өлген соң оның денесінен жаны бөлініп шығады, әруақ дегеніміз – осы. Әруақ тірілерден разы болса, ол адамдардың арасында жүріп оларды қолдап-қорғап, бәле-жаладан сақтап жүреді» деген де сенім бар. Сондықтан, ісі ілгері баспаса: «Бәлкім құдайы жасап жіберсем, әруақтар разы болып, жолым ашылар» деп, Аллаға емес, аруаққа арнап құрбандық шалып жататындар өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін білмейді дейді ислам ғұламалары. Ендеше біз қажеттілігімізді Алланың бір Өзінен ғана сұрауға тиіспіз.

Алла Құран Кәрімнің «Каф» сүресінің 16-аятында: «Біз адам баласына күре тамырынан да жақынбыз!» деген. Демек, Алла Тағала сөзі ақиқат, бізге қабірде жатқан мәйіт емес, Алла Тағала жақын екен. Алла Тағала Бақара сүресінің 186-аятында: «Мен оларға ақиқатында жақынмын, менен тілек тілесе қабыл аламын» деп анық айтады. Олай болса, өте жақын Алла Тағаладан тілемей, айшылық, күншілік жол жүріп, айдаладағы әулие, әруақтардан тілек тілегеніміз қай сасқанымыз?! Аллаһ Тағала айтады: «Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді…» (Фатыр сүресі, 14-аят). Қабірдегілер тірілердің сөзін естімесе, жауап беруге шамасы келмесе, онда олар өзіне сыйынушылардың мұң-мұқтажын қалай шешіп бермек? Аллаһ тыйым салған болса, әруақ адамдардың желеп-жебейтін күш-қуатын қайдан алып, оны тірілер үшін қалай пайдаланбақ? Ендеше, біздің «Құдай оңда, әруақ қолда» дегеніміз қалай болар екен?

Қабір басына барып, өлгендерден тілек тілеп, Түркістандағы Яссауи кесенесін қасиетті Қағбаны айналғандай жеті рет айналып, тәуап етіп жататын, әруақтан тілек тілеп, бала сұрап жалбарынатын қауымның іс-әрекеті қаншалықты Исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмейді
Қабір басына барып, өлгендерден тілек тілеп, Түркістандағы Яссауи кесенесін қасиетті Қағбаны айналғандай жеті рет айналып, тәуап етіп жататын, әруақтан тілек тілеп, бала сұрап жалбарынатын қауымның іс-әрекеті қаншалықты Исламға қайшы екенін біреу білсе, біреу білмейді

Қазір кең тараған ұғымның бірі «әруаққа сыйынсақ, оңаламыз» деген сенімге тіреледі. Егер әруаққа сыйыну халықты бақытты етіп жіберетін болса, онда үнділердің алдына ешқандай ел түспеген болар еді. Олар ата-бабасының әруағына сенетіні сондай, жақын жерден желеп-жебесін деп олардың өлігін дестелеп шатырларына жинап қояды екен. Тіпті, кейбір үнді тайпалары басы ауырса, атасының мәйітінің бас сүйегін ұнтақтап, оны суға езіп дәрі ретінде ішіп те алатын көрінеді. Міне, бұл Жаратушыға емес, жаратылғандарға сенудің жеткен жері. Біз де сол Құдайын танымай, оған надандықпен әруақты ортақ етіп жойылып кеткен үнділердің кебін кимейік десек, Ислам дінін ғылыми түрде меңгеруге талпынуымыз қажеттігі ақиқат.

Расында да, соңғы кездері елімізде «құдаймен қол алысқан» емшілер тобы көбейіп, олар сәл сырқатпын деген адамдарды Түркістан мен Арыстанбабқа барғанда ғана ауруларың қайтады деген жалған жанашырлықпен ақша табудың құлқынымен елді Оңтүстікке қарай топырлатып аттандырып жатыр. Сосын «сенің бойыңа аруақ қонған, сондықтан елді емдеуге қабілетің бар» деген байыпсыз білгірлік сөзін айтып, адамның сана-сезімін сыйқырлап саңылау түсіруде. Мұның аяғы неге әкеп соқтыратынын өмірде талай көріп жүрміз. Қорыта айтқанда «Құдайдан безген» жалған емшілердің кесірінен отбасының шырқы бұзылуда. Елімізде мұндай келеңсіз жағдайға душар болып жатқан адамдар өте көп.

Алланың ұлықтығын мойындап, мешітке қадам басып,  адал мен арамды айырып, діни сауатымызды арттыруға аса құлқымыз жоқ. «Жұмыс, уақыт жоқ»,-деп  сылтауратамыз. Ал, «түген жерден пәленше деген керемет емші шығыпты» деген хабар естісе елеңдемейтін адам аз. Бойындағы сырқаты соған барса ғана айығатындай көреді. Сөйтеді де жар құлағы жастыққа тимей соған жетуге асығады.  Сосын: «Ой, мынау не деген керемет көріпкел, қасиетті жан, тіпті айтқаны тура келді», – деп  жағасын ұстап, құдайына күпірлік етуге барады. Бұл да болса біздің діни-рухани сауатсыздығымыз, білімсіздігімізден сірә. Әрбір исі мұсылман баласының міндеті бір Алладан басқаға сиынбау. Пайғамбар, әулиелердің әруағын шақырып сөйлесу, әруақтан бата тілеу – Аллаһқа серік қосқандық. Мұны өзін мұсылман санаған Алланың әрбір құлы білуі тиіс. Барлық жамандық, қырсықтан бір Алла сақтайды. Бәрін керемет қыламыз деп, әулие аралатып жүргендер елше не берді? Нәтижесінде адамның наным, сенімін улап, ерлі-зайыптылар арасына алауыздық отын жағып, баланы – әкеге, ананы-балаға қарсы қойып, бір-біріне ата жау етіп,   рухани адастырып отырған жоқ па?! Санасының саңлауы барлар мұнан ғибрат алып, ойланса керек-ті. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S.: Аллаһ Елшісі (с.а.у.) өз хадисінде: «Дінбұзарлыққа берілген, дінді теріс пайдаланған адам сол ниетінен әбден қайтып, оралмайынша Аллаһ оның тәубасын қабыл етпейді» делінген. Ендеше әруаққа табынып, өліктен көмек сұрап, Аллаһқа серік қосуға итермелеп жүрген жалған ұйымдардың, адамдардың іс-әрекеттеріне заң жүзінде қатаң тиым салу қажет. Әйтпесе, адамның санасын улаған дінбұзарлардың кесірінен елімізде қаншама отбасы бұзылып, қаншама адам иманынан айрылары хақ.