«Өлке тарихын таныстырушы мамандар жеткіліксіз»

682

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Арша тревел» ішкі туризмге жауапты турфирмасының директоры Ғани Назарбек:

– Кеше ғана экспедициядан оралыпсыздар…
– Созақ ауданы бойынша зерделеу жүргіздік. Шежірелі Қаратау, сырлы Созақ, терең тарих Теріскей дейміз ғой. Табиғатқа, тарихқа бай өлке. Мақсатымыз – ішкі туризмге барлау, сервис, жолдарын көру болды. Сонымен қоса жаңалық та аштық. Тарихта кездеспеген петроглифтер табылды. Онымен өлкетанушы О. Гончаров айналысып жатыр. Экспедицияның мақсаты орындалды. Алда Созақ ауданы бойынша туристік бағытқа енетін болады.
– Экскурсоводтар жайлы сөз қозғасақ. Оңтүстікте көп пе?
– Өлке тарихымен таныстырушы экскурсоводтар бар әлбетте, бірақ жеткілікті деңгейде деп айтуға болмайды. Қазақтілді таныстырушылар аз. Ішкі туризм деп шетелден келген адамды ішкі туризмге жатқызуға болмайды. Оны келу туризмі, бізден баратындарды шығу туризмі деп атаймыз. Ішкі туризм дегеніміз Қазақстан азаматтарының ішкі туристік нысандарды айналуы. Олардың негізгі бөлігі қазақтілді азаматтар. Негізінде қазақтілді экскурсоводтардың жетіспеушілігі байқалады.
– Экскурсовод жан – жақты болуы міндетті ме?
– Әрине, Қазақстанның тарихын толық білуі, мемлекеттік символдардан бастап мемлекеттің құрылуын, тарихын, экономикасын, мәдениетін, саяси жағдайларын, апаратын нысандардың шаруашылығы, халықтың тыныс тіршілігін, жалпы барлық жағынан хабардар болуы талап етілетін міндеттердің бірі.
– Оңтүстікте көбісі қасиетті жерлерге зиярат етуге көп барады. Мәліметті толық жеткізе алатын экскурсоводтар бар ма?
– Мамандар бар, әрине. Әзірет Сұлтан қорық мұражайының мамандары, экскурсоводтары, білікті азаматтар бар. Әттеген-айы, дұрыс ақпарат бермейтіндер де бар. Қасиетті орындарды аралағанда Түркістанда екі күн жүріп қазақтың бай тарихы айтылмайтын кездер де болады. Түркістан қазақтың қайнап жатқан тарихы ғой. Мәселен, Отырарға барып тұрып, Арыстан бабқа барып қасындағы Отырар қаласына кірмей кетеміз. Айта берсек, кем кетік көп қой…