Елімізде алты мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе ауыл-аймақ тұрғындары ақ халатты маманға зәру. Биылғы жылы 421 түлекті және 600-ден астам біліктілігін арттырған медицина қызметкерін ауылдық жерге жұмысқа жібермек. Бірақ, онымен мәселе толық шешілді деп айтуға келмейді.
Оңтүстікте дәрігерлер тапшылығы сезілмесе де, сұраныс басым. 2012 жылы 178 дәрігер керек болса, былтыр 130, биылдың өзіне 88 медицина мамандары қажет. Дәрігер тапшылығы ауыл-аймақтарда әсіресе қатты сезіліп отыр.
Ғалымжан Әбіш, ОҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Жетіспеушілк барлық аудандарда бар. Әсіресе, дәрігер-педиатр жетіспейді. Сосын ауруханаларда неонатолог дәрігерлер, сәулелік диагностикалық дәрігер, ренгонологтар жоқ. Кейбір мекемелерге көз дәрігерлері керек. Негізінен шалғай ауылдарда тапшылық бар».
Ауылдағы тапшылықтың орны «Дипломен ауылға» бағдарламасы аясында толықтырылады. Соның бірі -Жадыра Тұрғынбайқызы. Сарыағаш қаласының тумасы болса да, Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылдық-округіне қарасты Алишер Навой ауылында қызмет етеді. Биыл үшінші жыл мемлекеттік бағдарламаның жемісін көріп, қызметтік сатысы да жоғарылаған.
Жадыра Сманова, Төлеби ауданы, Бірінші мамыр ауылдық округінің аға-дәрігері: «Ауылдың жұмысы қалаға қарағанда қиындау. Соның көзін таба білу керек қой жас маман. Қашпау керек. Еңбек етсең, зейнетін көресің».
Десе де, диплом алған жастардың барлығының бірдей ауылға барғысы келмейді. Барғанының өзі сол ауылда тұрақтап қалуы екі талай. Жас дәрігерлердің ауылға барып қызмет етуі былай тұрсын, медицина факультетінде оқитын жастардың саны да азайып кеткен.
Әнуарбек Маймақов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері: «Ол деген сөз біздің елімізде дәрігерлердің абыройы түсіп кетті. Екінші олардың жалақысы төмен. Мамандықтардың жалақысына сай қызмет ететінін жастар біледі. Сондықтан дәрігерлердің сапасын көтеретін жалақысы өспей, көп адам дәрігер болғысы келмей қалған. Текдәрігер боламын деген ынтасы барлары барады».
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=R4BYKrRTIZM[/youtube]
Тәжірибелі дәрігерлер жас мамандардың білім сапасына да сын айтады. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмысқа келгендердің арасында сырқаттың диагнозын дұрыс қоя алматындары да бар екенін жасырмайды. Елбасы Жолдауында айтылғандай Қазақстанды медициналық туризм орталығына айналдыру үшін сапаға жұмыс істейтін уақыт жетті.