Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қалай тойлаймыз? Облыстық ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысының мерейтойының жоспарын талқылады. Республика бойынша қолға алынып отырған шарада үйсіз-күйсіз ардагерлерді баспанамен қамту, бір реттік қаржылай көмек, майдан даласында мерт болған жауынгерлердің жерленген орындарына туыстарының барып, ізет көрсетуіне жағдай жасау қарастырылған.
Мұнымен қоса коммуналдық, медициналық һәм әлеуметтік көмектер көрсету жоспарда бар. Ардагерлер кеңесі денсаулығы сыр берген соғыс ардагерлеріне «Тіршілік белбеуі» атты дабылқаққышты орнатуды бастап отыр. Алматы мен Астананың майдангерлеріне орнатылған бұл белдеу Оңтүстіктегі соғыс ардагерлеріне де табыс етілмек. Бұл жаңалықты Елордадан арнайы келіп, ардагерлермен сұқбаттасқан республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбайұлы айтты.
Өмірзақ Озғанбайұлы, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Тіршілік белбеуі» дегеніміз — жалғызілікті, жеке тұратын қарттардың қолына тағылатын білезік немесе мойнына тағылатын алқа. Ардагердің денсаулығы күрт төмендегенде, өрт болған жағдайда, полицияны шақыру керек болса, яғни, көмекке өте мұқтаж жағдайда қария батырманы басып, қажетті маманды шақыра алады.»
Елімізде соғысқа қатысқан, көзі тірі ардагерлердің қатары алты мыңға да жетпейді. Көпшілігі төсек тартып жатқан қарт жауынгерлер үшін Жеңіс тойын ерекше атап өтейік дейді мамандар. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы мен «Самұрық қазына» ұлттық қоры қарттарды қолдауға даяр. Елімізден 500-ден астам Кеңес Одағының батыры шықса, соның 51-і Оңтүстікке тиесілі екен.
Еске салайық, ардагерлерден қалған өңіріміздегі жалғыз батыр — Тоғанбай Қауынбаев таяуда 93 жасқа қараған шағында соңғы сапарға аттанды.