Шымкентте ардагерлер кеңесінің кезекті пленум отырысы өтті

127

Шымкентте қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Жиында күн тәртібінде егде жастағы азаматтардың автобуста тегін қатынау мәселесі көтерілді. Әрі ем алу үшін берілетін жолдама мерзімін ұзарту қажет екені айтылды. Қазыналы қариялар көтерген проблеманы жергілікті билік өкілдері қалай қабылдады? Қандай шешім шығады?

«Ардагерлер қоғамдық көлікте тегін қатынасын». Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі пленум отырысында осы мәселені көтерді. Олар мегаполисте автобуста тегін жүретін азаматтардың қатарына ардагерлерді де қосуды ұсынды. Сондай-ақ егде жастағы қариялардың ем алуы үшін берілетін жолдама мерзімін ұзартуды талап етті. Өйткені, 6 күн ішінде толық емделіп үлгермейсің дейді.

«Барлығын бөлместен ардагер дегеннің барлығына бірдей қарауларыңыз керек. 12 күн ба, барлығы 12 күнге барсын. Мен сіздерден жолдама сұрайын деп жатқан жоқпын. Мен Астанада тұрамын, маған жыл сайын береді өздері. Мен мына Шымкенттегі замандастарыма, қатарластарыма обал болмасын деп жатырмын»,-деді ардагер.

Қазіргі таңда ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен көп балалы отбасылар ғана 12 күнге жолдама алады. Ал қалғандары тек 6 күн демалуға мүмкіндігі бар. Ешкімді бөліп-жармай бірдей мүмкіндік берсін деген қариялар дәрі-дәрмек мәселесін де шешіп беруді сұрады.

Кенжехан Төлебаев, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
«Ол деген біздің барлық ардагерлерге бірдей әлеуметтік саладағы жағдай жасалуын бақылауға алу деген. Оысған дейін бұл мәселенің өзі дұрыс шешіліп келе жатыр. Тек қана әзірге біздің көкейтесіп жүрген мәселеміз, 3 мәселе. Біріншісі, көлік мәселесі, екіншісі демалыс ұйымдастыру, үшіншісі заң аясында берілетін дәрілердің дұрыс жетпеу мәселесі. Осы үш мәселе қазір өзекті, егер осылар шешілсе, біздің Шымкент қаласындағы ардагерлерге берілетін әлеуметтік көмек 100 пайыз шешілді деп айта аламыз».

Жалпы 70-ке жуық ардагер қатысқан пленум отырысында қалалық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау басқармасының басшылары баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ал қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов та арадгерлер көтерген мәселелерді жергілікті билік өкілдеріне жеткізіп, мәселенің шешілуіне ықпал ететінін айтты.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Сіздердің ұсыныстарыңызды біз қабыл алдық. Мен міндетті түрде әкімге, депутаттарға жеткіземін. Сіздерді осылай ұсыныс беріп жатыр деп. Біз бюджетке ұсыныс береміз. Депутаттар қай жағын қолдайды, қай жағын қолдамайды өздері шешеді. Мен толығымен келісемін, 6 үн аз екеніне. Бірақ оны 100 пайыз шешіп бере аламыз деп мен сөз бере алмаймын. Бірақ барынша ұсыныс беріп шешілуіне ықпал жасап береміз».

85 мыңға жуық қария тұратын мегаполисте ардагерлерді автобуста тегін жүргізуге де болады. Тек аздаған уақыт қажет деді қала әкімінің орынбасары. Мақсұт Исахов компаниялар жолақысын қымбаттатын кезде белгілі бір санаттағы азаматтарды тегін тасымалдау бойынша талап қоямыз дейді.

Мемлекет басшысының әлеуметтің әлеуетін арттыру туралы берген тапсырмасы Шымқалада кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.