«Кінәсіздігімді дәлелдеу үшін Астанаға бардым…»

Ғалымжан Жұмжаев, ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдық-құқықтық басқарма басшысы
Ғалымжан Жұмжаев,  ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдық-құқықтық басқарма басшысы
Ғалымжан Жұмжаев,
ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдық-құқықтық басқарма басшысы

– Ғалымжан Құралбекұлы, өзге өңірлерде қайдам, сіздің есіміңіз шымкенттіктерге жақсы таныс. Бірнеше жыл қаланың билік тізгінін ұстадыңыз. Алайда, қазіргі қызметіңізді көбі біле бермейді. Қайда жүрсіз?

– «Әкімдік қызметтен кеткен соң жоғалып кеттің» дейтіндер көбейді (күліп). Бірақ, мен мемлекеттік қызметтен еш алыстаған жоқпын. Қазір де ел ісіне етене араласып жүрмін. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының ұйымдық-құқықтық басқарма басшысы қызметіндемін. Оған дейін 2011-2013 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясының астаналық «Бірлік» филиалында төрағаның бірінші орынбасары болдым.

– Шымкентке басшы болған төрт жылға жуық уақыт ішінде сіздің бастамаңызбен біраз жобалар қолға алынғанын білеміз. Бірақ, «қолдағының қадірі қысылғанда білінер» деген бар ғой. Қызметтен кеткеннен кейін «әттең» деген сәттер болды ма?

– «Біткен іске сыншы көп» демекші, ондай сәттер болды. Негізі мен кез келген істі жоспармен бастайтын адаммын. Нақты мақсат, жүйелі жос-парсыз ісің өңбейді. Билікте отырғанымда біраз жобаларды түзгенім бар. Бірақ, бюджеттен бөлінетін қаржы да өте аз еді. Қазіргі бюджет көлемімен тіпті салыстыруға да болмайды. Ел экономикасының өрлеуіне байланысты қазір мүмкіндік өте көп. Соған қарамастан сонау кеңестің көзі болып қалған көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйесін жаңарту жұмыстарын қолға алып, «Солтүстік», «Шығыс» шағынаудандарындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің жылу құбырлары жаңартылды. Қателеспесем, 2002-2006 жылдары Шымкентте көпқабатты 1485 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болатын. Сондай-ақ, қала көркін ашу мақсатында Тәуке хан даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сырты заманға сай дизайнмен жаңартылды. Инфрақұрылымға келетін болсам, шағынауданаралық ішкі жол салу жұмыстары қолға алынды. Қонаев даңғылы, Рысқұлов, Адырбеков көшелерінен жаңа тас жол салынды.

Мен Шымкент қаласының әкімі болған жылдары кәсіпкерлердің демеушілігімен аулаларға ойын алаңшаларын салу жұмыстары алғаш рет Алматыда жүзеге асып еді. Ол кезде шаһарды Иманғали Тасмағамбетов басқаратын. Осы жобаны біз де қолға алдық.

Айта берсем, атқарылған шар-уалар аз емес. «Әттең» деген сәттер болмады десем өтірік айтқаным болар. Қаржының тапшылығы біраз жұмысты жүзеге асыруға қолбайлау болды. Соның ішінде қаладағы тұрғын үйлерге мемлекет қаржысына «домофон» орнатуға тырыстық, барлық үйлердің жылу жүйесін ауыстырып, көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін жөндеуді жоспарладық. Бірақ, мәселе сол қаржыға келіп тіреліп, жоба аяқсыз қалды. Қазіргі таңда олардың барлығы мемлекеттік жоспарға еніп, қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2002 жылы Шымкенттің аумағына көршілес жатқан Сайрам ауданынан 17 мың га жер қалаға өтіп, бос жатқан жерді игеру қажет болатын. Сол кезде қала халқының күн санап өсіп отырғанын ескеріп, көпқабатты тұрғын үйлер санын арттыру да жоспарда болды.

– «Нұрсәттегі» үйлер сол жылдары салына бастаған еді ғой. Бүгінде шағын-аудан кәдімгі қалашыққа айналып отыр. Сіздіңше бұл жоба жоспарға сай жүргізілді ме? 

– Иә, 2002 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша «Нұрсәт» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасы бас-талды. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан жұмыс басталмай жатып алдын ала жоспар түзіледі. Оны өзгертуге болмайды. Аталған шағынаудан болашақта қала орталығы болғалы жатыр ғой. «Нұрсәт» шағынауданынан бастап «Бозарық» айналмасына дейінгі жерді келешекте қала орталығына айналдыру қажеттігі туралы бастаманы көтергендердің бірі менмін. Осы мақсатпен әкім болып тұрғанымда қаладан шыға берістегі «Бозарық» айналмасына дейін екі жақты жол салынды.

– Айтпақшы, сіз әкім болғаныңызда жерге қатысты дау көтеріліп, басыңыз бәлеге қалғанын білеміз. Кейін кінәсіз екеніңіз дәлелденіп, іс тоқтатылды. Бұл әлдекімдердің сізді орныңыздан тайдыру үшін алдын ала ұйымдастырған ісі екен дегенді естіп едік. Олардың кім екенін анықтадыңыз ба және жазаға тартылды ма?

– Бұл жайт Шымкент қаласының аумағы артқан тұста орын алды. Заң бойынша біз қалаға өтетін жер иелерін алдын ала ескертіп, 1 жыл ішінде босату қажеттігін айтқан болатынбыз. Бекітілген мерзім өткенде жерді мемлекет меншігіне өткізуді бастадық. Сол кезде Сайрам ауданындағы 98 га жері бар шаруа қожалығының иесі «…Маған тиесілі жер қаланың жоспарына енбеген. Әкімдіктегілер заңсыз жерімді тартып алды» деп менің үстімнен арызданды. Содан екі жыл бойына іс тергеліп, құзырлы органдағылар артылған кінә дәлелсіз деген шешім шығарды. Кінәсіз екенімді дәлелдеу оңайға соқпады. Тіпті Астанаға барып, мұрағатты көтеріп, бас жоспардың көшірмесін алдыруыма тура келді. Сенесіз бе, екі жақтың бас жоспары екі түрлі болып шықты. Қала шекарасы қызылмен боялған болатын. Шымкенттегі құжатта менің үстімнен арызданған шаруа қожалығына тиесілі болған жерді әлдекім бояумен өзгеріс жасап, Сайрам ауданының аумағына кіргізіп қойған. Міне, болмашы нәрсеге бола екі жыл уақытым сарп етілді. Бұл іске қатысты ешкімнің үстінен жазбаша арызданғаным жоқ. Мен үшін бастысы кінәсіз екенім белгілі болды. Жабулы қазанды жабулы күйі қалдырдым. Тағы бір атап өтерлігі, мен әкім болған тұста «Бекжан» автобекеті мен оған қарсы беттегі үлкен екі ғимарат (Темірлан тас жолы) әлі салынбаған. Жер мемлекет меншігінде болатын. Маған талай кәсіпкер жерді сатып алғысы келетінін айтып, ұсыныспен кірген болатын. Онда жолды кеңейту, қиылыстарына іргелес жатқан аумақты реттеу жоспарланып, алдағы уақытта сол жұмысты істеу қажет болатын. Бірақ, қызметім ауысып, жоспар жүзеге аспады. Бір қызығы мен әкімдік орынды босатқан соң бір ай өтер-өтпес әлгі жер кәсіпкерлерге сатылыпты. Қазір көріп отырсыздар, ол жерде көлік түгілі адамның жаяу жүруі қиындап кетті.

– Шымкенттің бүгінгі ахуалына қандай баға берер едіңіз? 

– Қала көркейіп, тіпті республикада бұрын соңды болмаған нысандар салынды. Шаһар аумағы артып, бас жоспары бекітілді. Алыстан менмұңдалайтын келбетке ие болды. Шымкент құрылыс жағынан, әлеумет, экономика, барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Күмән келтірген адам талдау жасап көруіне болады. Бұрынғы Шымкент пен бүгінгі Шымкенттің айырмашылығы жер мен көктей.

Күні кеше Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында болып, құрылысы жүріп жатқан нысандармен таныстым. Мұның өзі жақсы жоба. Шынымды айтсам, керемет әсер алдым. Тек «Асар» шағынауданындағы жылыжай жағдайы сәл көңілге қаяу түсіреді. Өткен жолы қалаға бір барғанымда осы шағынауданнан өтуге тура келді. Жолай жылыжай кленкалары жыртылып, желмен ұшып, көрікке нұқсан келтіріп тұрғанын байқадым. Құдды бір қалаға емес, ауылға кіріп келе жатқандай әсер алдым. Дегенмен «Әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» демекші, Шымкент мен үшін қашанда ыстық болып қала бермек.

– Оңтүстікке жиі келіп тұрасыз ба? 

– Қызметтегі адам болған соң жиі келуге уақыт бола бермейді. Бірақ, отбасымызбен бас қалада тұрғанымызбен туған-туыс, жекжаттарымыздың бәрі – Оңтүстікте. Той-томалақ, өлім-жітім дегеннен қалмауға тырысамын.

– Төлеби ауданында әкеңіздің құрметіне көше берілген еді. Ол жақтағылармен байланысыңыз қалай? 

– Көпшілік ойлап жүргендей әкемнің құрметіне көше есімінің берілуіне менің, қызметімнің еш ықпалы тиген жоқ. Әкем сол ауданда туып-өскен. Еңбегі сіңген. Соны ескерген әкімдік Қазақстан ауылынан көше есімін беру туралы шешім қабылдапты.

Қызметбасты адам болғаныма қарамастан ондағы тұрғындармен тығыз байланыстамын. Бірқатар әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне қолымнан келгенше көмегімді бердім. Жақында сол ауылдан шыққан азаматтардың құрметіне ескерткіш-бюсттер қойылып, бабалар рухына құран бағышталды.

– Бұрындары билікке мемлекеттік қызметтің түрлі баспалдағынан өткен жандар келуші еді. Ал қазір бизнестің тізгінін ұстап жүріп, кейін әкім не басшы болатындар көбейіп кетті. Бұған көзқарасыңыз қалай? 

– Мемлекеттік қызметте жұмыс жасау – ұлтқа, халыққа қызмет ету болып табылады. Елдің мұңын біліп, оны шешу жолдарын қарастыру. Соның ішінде билікте отыру қиынның-қиыны. Әкiмдiк қызмет – жауапты мiндет. Үміт отын жағып, кеудесіне сенім ұялатып отыратын қаншама жан бар. Сондықтан бұл қызметке осы саланың ішкі саясатын жақсы білетін, нақты істерімен ел көңілінен шыққан, яғни, мемлекеттік қызметте әбден ысылған жан келуі керек. Сіздің айтып отырған мәселеңіз шындық екені жасырын емес. Бірақ, бизнес адамының мемлекеттік іске араласуына тыйым салынбаған. Себебі бизнесті жүргізу де оңай шаруа емес. Бүгінгідей нарық заманында тек мықтылар ғана өз кәсібін дөңгелете алады. Үлкен бизнеске ешкім де топ етіп көктен түсе қоймайды. Бизнес ақылды, төзімділікті, шұғыл шешім қабылдауды, тіпті тәуекелге баруды талап етеді. Біздің елде мұндай жандар аз емес. Сол себептен билікке кім келсе де, жауапкершілікті түсінетін, істі жүргізе алатын қабілетті адамның келгені абзал.

– Тәуелсіздік алғалы бері Шымкентті 10 әкім басқарған. Он бірінші әкім бүгінгі басшы – Дархан Сатыбалды. Ал сіз жетінші әкім болыпсыз. Қазақта «7» санын қасиетті деп жатады ғой. Осы ретте сұрайын дегенім, ырымға сенесіз бе? 

– Шынымды айтсам, Шымкенттің жетінші әкімі болғаныма осы уақытқа дейін мән бермеппін. Сіздің сұрағыңыздан кейін есептеп шықсам, расымен де солай екен.

«Қазақ ырым етеді, ырымы қырың кетеді» деп дана Абайдың өзі айтып кетті емес пе? Мен аса ырымшыл емеспін. Көбіне мән бермеуге тырысамын. Мұнымен қазақы ырымдарға сеніңкіремеймін дегім келіп отырған жоқ. Мұсылман болған соң діни тұрғыдағы кейбір ырымдар бар. Сенбеске болмайды.

– Соңғы сұрақ, ұлдарыңыздың арасында әке жолын қуғандары бар ма? 

– Үлкен ұлым – Берік Атырауда тұрады. Салық департаментінде қызмет етеді. Ортаншы ұлым – Нұрдәулет бизнеске кетті. Бүгінде ол кәсібін Шымкентте дөңгелетіп отыр. Кенжем – Бақыт Лондонда білім алған. Шет тілін жақсы меңгерген. Астанадағы Оңтүстік Корея елінің мұнай компаниясында еңбек етеді. Төрт немерем бар. Үлкендері мектепте оқиды. Екеуі әлі кішкентай.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан– Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №38, 17.09.2014