Úı ANONS Халық қалаулысы қамауға алынды

Халық қалаулысы қамауға алынды

Түркістан облысы, Бәйдібек аудандық  мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевқа қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Халық қалаулысына ауыр айып тағылып отыр. Бұған дейін жол ережесін бұзып көзге түскен депутат, бұл жолы қыз зорлау бабымен айыпталған. 

 

Өткен жылы Шымкентте жол ортасында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін қоғам назарын аударған Бәйдібек аудандық  мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев тағы да полицияның назарына ілікті. Бұл жолы мәселе қарсы жолаққа шығу емес, әлдеқайда ауыр бап бойынша тексеріліп жатыр. Бейресми мәліметке сәйкес, зорлау бабымен қолға түскен көрінеді. Түркістан облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің қамауға алынғанын мәлімдеді.

 

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда.  Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданатын болады».

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПД

Halyqstan дереккөздерінің мәліметінше, Ерғали Аманбаев 34 жастағы Қытай азаматын өзі мінген Lexus автокөлігіне отырғызып, адам жоқ жерге алып кеткен. Сол жерде әйелдің еркінен тыс онымен жыныстық қатынасқа түскені айтылған. Естеріңізге сала кетсек, 43 жастағы депутат Ерғали Аманбаев 2025 жылы тамыз айының 22 — сі күні заң аясында 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын. Сотта анықталғандай 20 тамызда оның басқаруындағы Lexus LX 570 автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірі басқа көлікке тиесілі екені белгілі болған.

 

«Сот  Е.-нің әрекетінде құқық бұзушылық жасаған фактісі өз дәлелін тапты деген тұжырымға келді. Е.-нің жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталмаған. Сот, Е.-ні ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 4 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 1 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру әкімшілік жазасын тағайындады».

 

Осыған қарамастан, халық қалаулысының көлік басқарып, еркін жүргені елдің назарын аударып отыр. Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғыны Бәйдібек ауданынан депутат болып сайланғаны да назардан тыс қалған жоқ.  Десе де, жоғары да айтылған кейбір  ақпараттар бейресми мәліметтерге негізделген. Қазіргі уақытта,  құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр.

Нұргүл Жолымбетова