Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қазақстанда көш бастады. Өңірдің жалпы өнім көлемі 1,3 триллион теңгеге жуықтап, өнеркәсіп өндірісі, инвестиция тарту, құрылыс пен сауда салаларында айтарлықтай өсім тіркелген. Алайда барлық аудан мен қала бұл қарқынды сақтай алған жоқ. Жартыжылдық қорытындысында қай өңірлер үздік үштікке енді? Қай басқармалар төмен нәтиже көрсетіп, облыс әкімінің сынына ұшырады? Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға қандай міндеттер жүктеді? Түркістан облысының алдағы даму бағыты мен жаңа тапсырмалар туралы алдағы сюжетте.
Түркістан облысы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қазақстанда бірінші орынға шықты. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте мәлім болды. Жылдың алғашқы тоқсанында өңірдің жалпы өңірлік өнімі 1,3 триллион теңгеге жуықтады.
Жиында облыс әкімі бірқатар аудан мен қала жоспарланған индикаторларды толық орындай алмағанын сынға алды. Жауапты басшыларға ауызша ескерту жасап, тоғыз айдың қорытындысына дейін барлық кемшіліктерді жоюды тапсырды. Оның айтуынша, әрбір аудан, қала және ауыл әкімі өз аумағының қаржылық жағдайын, табыс көздерін, сондай-ақ экономикалық және инвестициялық әлеуетін жан-жақты білуі тиіс.
Жиында Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова баяндама жасады. Содан кейін аудан, қала әкімдері мен облыстық басқармалар қызметінің тиімділігіне жүргізілген рейтинг қорытындысын жариялады.
Рейтинг қорытындысы бойынша алғашқы үш орынға Сауран, Түлкібас және Қазығұрт аудандары жайғасты. Ал облыстық басқармалар арасында ең жоғары нәтижені экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы көрсетті. Туризм, білім, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары төмен нәтиже көрсеткен. Жиын соңында облыс әкімі барлық мекемеге әрбір көрсеткішке жіті мән беріп, нақты нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.
Айта кетейік, жарты жылдықта аймақтағы өнеркәсіп өнімі алда тұр. 6 айда 873 млрд теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда дерлік 133 пайызға артық. Бұдан бөлек инвестиция, құрылыс жұмыстары, сауда, байланыс саласында да оң өзгерістер бар.
Дилара Иса






