Шымкент қаласында жыл басынан бері инсульт алған 400-ден астам тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық оңалту қызметін алды. Мамандардың айтуынша, инсульттен кейінгі оңалту – емдеу процесінің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Уақтылы көрсетілген оңалту көмегі науқастардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге, өздігінен жүруіне және күнделікті өмірге бейімделуіне мүмкіндік береді.
«Инсульт, ауыр жарақаттар және күрделі операциялардан кейін медициналық оңалтудың маңызы өте жоғары. Сондықтан сақтандыру жүйесінде бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – пациенттердің барынша қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Қазіргі таңда Шымкентте МӘМС шеңберінде кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, пульмонологиялық және жалпы оңалту бағыттары бойынша 30-ға жуық медициналық ұйым қызмет көрсетеді.
Жыл басынан бері қаладағы оңалту орталықтарында 10 мыңға жуық оңалту қызметі көрсетілген. Бұл қызметтер инсульттен кейінгі жағдайлармен қатар, ауыр жарақаттардан, кардиохирургиялық операциялардан кейін және созылмалы аурулары бар пациенттерге ұсынылады.
Балаларға арналған медициналық оңалту қызметтері де кеңейіп келеді. Атап айтқанда, церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының туа біткен патологиялары және басқа да сырқаттары бар балалар қажетті оңалту көмегімен қамтылуда.
МӘМС жүйесі аясында көрсетілетін медициналық оңалту қызметтері пациенттердің өмір сапасын жақсартып, еңбекке және қоғамдағы белсенді өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді.







