Úı ANONS Елтайда сел қаупіне қарсы жұмыстар басталды

Елтайда сел қаупіне қарсы жұмыстар басталды

Елтай тұрғын алабында сел қаупіне қарсы ауқымды жұмыстар басталды. Жыл сайын қайталанатын табиғи апат биыл да тұрғындарды әбігерге салды. Түн ішінде келген тасқын жеті үйдің ауласына жайылып, көшелерді шайып кетті. Қауіптің алдын алу үшін қандай жұмыстар қолға алынды? Канал қашан толық бетонданады? Тұрғындардың көптен бергі мәселесі шешімін таба ма?

 

Елтай тұрғын алабындағы негізгі каналдың жағалауы жөнделіп, арнасын бетондауға дайындық басталды. Тұрғындардың айтуынша, таудан аққан сел суы жыл сайын бірнеше көшені шайып, үйлерге қауіп төндіреді. Биыл да жағдай қайталанды. Түн ортасында келген тасқын жеті үйдің ауласына жайылған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда қора-қопсы мен тұрғын үйлерге материалдық залал келген.

 

ЖАРЫЛҚАП ТҮЙМЕБАЕВ, ЕЛТАЙ ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Үлкен-үлкен тастарды ағызып келді. Асфальтті де көтеріп жіберді. Оңай емес қой енді. Жауынның өзегі осы төңіректен өтіп жатыр ғой. Әр жылы әр түрлі. Бірақ жиі болып тұрады. Әйтеуір біздің үйімізге кірмеді. Адам шығыны жоқ. Шүкір соған да».

 

Жыл сайын қайталанатын сел қаупінің алдын алу жұмыстарына жүзге жуық маман мен арнайы техника жұмылдырылған. Алдымен каналдың жағалауы ретке келтіріліп, арнасы тереңдетіледі. Кейін бетондау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, қыр-сайдан аққан жауын суы Елтайдың басты көшесін де шайып кеткен. Мамандар жолды лай-батпақтан тазартып, көлік қозғалысын қалпына келтірді. Жалпы Еңбекші ауданында су жиналатын 52 қауіпті учаске анықталған.

 

ДОСБЕК ЕСІЛБЕК, ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: «Нөсер жаңбыр жауғанда көлдейтін 57 мекен-жай анықталған. 3 жылда осы 57 мекен-жайды толық ирригациялық арықтар салып, су көлдеу орындарын алдын-алу жұмыстары жүргізілді. Тағы зерделеудің нәтижесінде бізге қажетті 52 мекен жай анықталып отыр».

Сел қаупінің алдын алу шараларына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да тартылған. Құтқарушылар арықтар мен каналдарға тексеру жүргізіп, 11 учаскеде су басу қаупі жоғары екенін анықтады. Айта кетейік, жыл басында Елтай тұрғын алабында жүрген сел салдарынан бірнеше үйге су кірген еді. Оның алтауына әкімдік көмек көрсетсе, тағы бір отбасына қалалық мәслихат депутаттарының демеушілігімен тұрғын үй салуға қажетті құрылыс материалдары берілген.

Дилара Иса