«Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 90 жыл!

856

«Ақ жол және Алаш ардақтылары». Бүгін өңірімізде осындай тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өтті. Кеңес «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдығы және осы ордалы басылымның негізін қалаушылардың бірі, ұлттың ұлық тұлғалары  – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдығы құрметіне арналып отыр.

Ғылыми кеңес
Ғылыми кеңес

Таңғы сағат тоғыздан-ақ кеңеске келушілердің қарасы көбейді. Бірі гүл шоқтарын құшақтай келсе, екншісі ғылыми мақаласын арқалай келіпті. Бұл қатысушылардың Оңтүстіктің ордалы басылымына деген құрметін көрсетсе керек.

«Ақ жол» газетінен бастау алған басылым қазір Оңтүстік өңіріндегі қарашаңырақ. Тарихы тереңге тараған 90 жылда редакциядан талай марғасқалар сусындады. 120 жылдығы дәріптелген қазақ қайраткерлерінің бұл тұрғыда еңбегі ерек. Өйткені Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов бастапқыда басылымның негізін қалаған екен. Тіпті халық жазушысы Мұхтар Шаханов та еңбек жолын осында бастаған.

Мұхтар Шаханов, ҚР халық жазушысы: «Алғаш «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректордың көмекшісі болып қызмет атқардым, Және мақалаларым да жарық көрді. Мұнда жүріп шығармашылығыма деген көзқарасым өзгерді.»

Содан бері бұл редакциядан талай шәкірт тәрбиеленіп, түлеп ұшты. Қазақ журналистикасындағы жүйріктер мен ақиық ақындар қызмет етіп, басылымның беделін асқақтатты. Мойындатты да. Сол кездері газеттің тиражы 90 мыңнан асып жығылған. Қазіргі қадамы да көңіл қуантарлық. Таралым көлемі 38 мыңға жуық екен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=HYrqFTE6-gs[/youtube]

Бақтияр Тайжан, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы: «Осы газет сол кездегі ащы шындықты айтты, қазақтың бүкіл мұң-мұқтажын жарыққа шығарды. Жалпы, өте өткір газет болды. Қазір ғаламтор дамыған заман. Сондықтан, интернеттен өз басылымымызды ашуды да ойластырып жүрміз».

Алаш ардақтыларына арналған көрме
Алаш ардақтыларына арналған көрме

Алаштың мерейтойына арналған жиында ұлттың ұлық тұлғалары тағы бір дәріптелді. Ғалымдар мен тарихшылар газеттің негізін қалаған тұлпар тұлғалардың жұрт білмейтін жаңа қырын танытты десті көпшілік. Олардың ерен еңбегі турасында арнайы кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.