Сайрам ауданының торқалы тойы тойланды

923

Биыл Сайрам ауданына – 90 жыл. Аудан жұртшылығы торқалы тойды арқа-жарқа атап өтті. Аясында қазақтың үш биі дүйім елді басқарған өңірдің өткені мен бүгінін баяндайтын, деректерімен дәйектейтін ғылыми кеңес те қолға алынды. Ғасырлардың сыры мен үнін, шежіресін бойына бұққан баптар еліндегі тойға біз де барып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісіп қайттық.  Сайрамдағы салтанатты шара Ақсукент елдімекеніндегі Мәдениет үйінде бастау алды. Алдымен «Жаңарған Сайрам» атты мерейтойлық кітабының тұсауы кесілді. Жиынға арнайы қатысқан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев тұрғындар мен қонақтарды аталған мерекемен құттықтап, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды алғыс хат және медальмен марапаттады.

Марапаттау рәсімі ғылыми кеңеске ұласты. Ғылыми дәрежесі бар мамандар мен өңірге еңбегі сіңген тұлғалар сахнаның төріне көтеріліп, баптар елі – Сарамның тоқсан жылдық тарихы мен бұрнағы ғасырлардың айтылмаған , жазылмаған жазбаларына тоқталды. Тарихымыздың тың тарауларын түгендеді.

Қайрат Анарбаев

Қайрат Анарбаев, тарих ғылымдарының кандидаты: «Қазір менің өзім қарастырғаным, мынау діни деректердегі Сайрамға қатысты мәліметтердің жиі кездесуі. Жалпы елімізде, ондағы Оңтүстіктегі ислам дінінің сақталып, қанат жаюы осы ауданның танымының жақсы қалыптасуында дер едім. Сондай-ақ, «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған? » деген жырда Нұх пайғамбарымыздың кемесі Қазығұртқа келгеннен кейінгі жер бетінде пайда болған алғашқы мекендердің бірі осы Сайрам қаласы екендігі айтылған жәйттер қазір көненің көзіндей боп қазір естен шыға бастаған. Міне сондай деректерді қайта жаңғыртып отырмыз».

Торқалы той дендросаябақта жалғасын тапты. Келген қонақтар «Құрметті азаматтар» аллеясымен, «Мәңгілік ел» монументімен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрме – жәрмеңкені тамашалады. Ал жергілікті тұрғындар қуаныштан жүздері бал-бұл жайнап, мәз-мейрам.

Алаңда өнерпаздар қасиетті өлке жайында сахналық қойылымдар қойып, патриоттық әндер орындады. Мерекенің мерейін асырды. Ал аудан басшылығы баптар елінің бүгінгі бағындырған белестері мен жетістіктері жетерлік деп марқайды. Және тарихи өлкенің алдағы архитиектуралық өзгерістерін қуана мәлімдеді.Бақтияр Мамаев, Сайрам ауданының әкімі: «Аудандар мен ауылдарға кіре беріс жерлеріндегі өткел-қақпалары қойылды. Сондай-ақ, «Мәңгілік ел» монументі және «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылды. Бұдан өзге де абаттандырылу жұмыстары жоспарлы жүріп жатыр. Ал ауыл шаруашылығы саласында 2018 жылы 63,0 млрд.теңгеге өнім өндіру жоспарланып, 8 айда 35,0 млрд.теңгеге өнім өндірілген, өсім 9,2 пайызды құраған. Облыс көлемінде ауданымыздың үлесі – 13,6 пайызға тең немесе 1-орында. Бүгінде аудан бойынша 42 елді мекеннің 41-і немесе 97,6 пайызы орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілген. Ал Сайрам ауданындағы жалпы пайдланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 1205,3 шақырымды құрайды. Барлығы да толығымен сақадай сай. Және өзге де экономикалық, әлеуметтік салалар күн санап дамып, өрлеп жатқанын айтқым келеді».

Айта өтейік, бүгінде 90 жылдық тарихы бар Сайрам ауданында 11 ауылдық округ, онда 42 елді мекен бар. Және шежірелі мекенде 206 мыңнан астам тұрғындар тату-тәтті өмір сүреді.

Мөлдір Бекеева