Газетіміздің «Олар оралған жоқ» атты бастамасы халық арасында қолдау тауып, соғысқа аттанып, қайта оралмаған туысын іздеп, редакцияға хабарласатындар көп. Майданнан оралмаған бауырына іздеу салып хабарласқандардың бірі – Сәлима Тұрғанбекова.
Сәлима Торғаққызы әкесінің ағасы Саталған Тұрғанбеков жайлы қандай да бір мәлімет іздейтінін айтады.
Айтуынша Саталған Тұрғанбеков 1921 жылы Түлкібас ауданында туған. Мәскеуде Т.Рысқұловтың қолында тұрып, білім алады. Неміс тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1940 жылы әскерге шақыртылып, майданға аттанады.
«Сұрапыл соғыс басталған кезде бір шаңырақтан бірнеше ер азамат соғысқа жіберілген. Біздің шаңырақтан әкем Торғақ пен оның ағасы Саталған өз еріктерімен майдан даласына аттанған екен. Ол кезде әкемнің жасы — 18-де болса, Саталған көкем 20 жаста болған. Әкем соғыстан аман-есен оралды. Өкінішке орай көкеміз хабар-ошарсыз кетті. Әкем бауырынан қандай да бір хабар болып қалар деген үмітпен көз жұмды. Әкемнің аманатымен ол кісіні іздестіріп жатырмыз. Шетелде болуы мүмкін деген үміт те жоқ емес. Бәлкім қазір үйленіп бала-шағасы, немерелері де бар шығар».
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №41, 08.10.2014
P.S. Соғыстан қайта оралмағандар жайлы қандай да бір дерек білсеңіз, бізге хабарласыңыз. Азаматтың аты-жөні, суреті, қай әскери округтен шақырылғандығын толық жазып, редакциямызға (Шымкент қаласы, Н.Төреқұлов көшесі, 15 үй. Тел: 53-54-17) хат жолдауға мүмкіндігіңіз бар. Біз оны газет бетіне жариялай отырып, Жеңістің 70 жылдығына дейін арнайы топтама жасамақпыз. Сіз бен біздің бейбіт өміріміз үшін қасық қаны қалғанша майдан даласында арпалысқан азаматтарды осылайша мәңгілік есте қалдыруға тырысайық.