Бекболаттың бір жиыны…

Апта басында Шымкентке Бекболат Тілеухан келді. Дәстүрлі әннің марқасқасы келіпті дегенді естіп, көзбе-көз жолығып, сұхбат алғымыз келген. Бірақ шенеуніктер аяғын жерге тигізбей іс-шараларға алып кетіпті. Бір кезде редакциямызға Бекболат ОҚМПИ-де жастармен кездеседі екен дейтін хабар жетті. Алып ұшып сонда бардық.

Бекболат Тілеуханды мұнда ертіп келген «Нұр Отан» партиясының жергілікті басшылығы. Жастармен кездесіп, ұлағатты сөздері мен әнін тыңдап, көкейлеріндегі сұрақтарын қойсын деген ойлары ғой. Бекболатқа сұрақ қойған жастардың қарасы өте көп болды. Бекең де ә дегеннен студенттерге көкейлерінде жүрген кез келген сұрақтарын қоюға болатынын айтты. Отаншылдық, елшілдік туралы өрбіген әңгіме жастарға үлкен әсер еткені түрлерінен-ақ аңғарылып тұрды.

001 (4)

Айтайын дегеніміз – жастар осындай нар тұлғалы азаматтарға, олардың шынайы әрі бүкпесіз, риясыз сөздеріне, істеріне, өнеріне шөлдеп жүр. Көңілдеріне тисе де айтайын, патриоттық тәрбие, мемлекетшілдік туралы кейбір жиынынан Бекболат әншінің өткізген 2-ақ сағаттық кездесуі жастарға әлдеқайда үлкен әсер сыйлады, отаншылдық рухтары көтеріліп, ұлттық дүниетанымдары бір серпіліп қалды. Бір сөзбен айтқанда елдің бас партиясының мың жиынына татыды.

Жасырып қайтейік, елде аталы сөз айтатын, ісімен де басқасымен де соны дәлелдеп, шынайы өмірде жүзеге асырып, жас өскінге өнеге болатын кісіге зар боп қалдық. Ары кетсе атасының қандай батыр болғанын, бері келе өзінің кіммен айтысып, тартысқанынан басқа сөз таппайтын, аузының дуасы, сөзінің киесі жоқ қариялар қаптап жүр. Одан қалса кеше ғана жер-көкке симай жүрген сол пақырлардың істі болып, пара алып, не болмаса қазынаны ұрлап, масқара болып жатқанын көргенде ақыл сұрайтын, өнеге тұтатын адам іздеп, шарқ ұрып кетесің. Кездессе мейлі ғой, емге таппайсың. Осыдан соң жастарға несіне өкпе артқандаймыз. Осы сөзді Бекболат та әңгіме арасында айтып қалды. Жастарға кінә артпас бұрын біз өзімізге қарап алуымыз керек деді. Өзі сорлап жүрген кісі кімге үлгі болып жарытады деген ойды ол да тұспалдады.

Жастарды жабыла кеп жамандағанда кейде алдымызға қара салмайтынымыз бар. Бірақ ол не себепті жаман болып жүр? Осыған үңілдік пе? Біздіңше жол көрсететін, ақыл айтатын, қолдан келсе демеп жіберетін ағаның болмауы інінің есерсоқ, ұр да жық, білімсіз, тәрбиесіз болуына әкеп соқтырып жатыр. Бұл енді жылдап жырлайтын тақырып. Әйткенмен бір нәрсенің басы ашық – жастар ұлттық құндылықтарды қадірлейтін, дәріптейтін, жүрегіне жеткізетін ағаларға зәру. Кездесуде Бекболаттың аузынан шыққан әр сөзді сондай бір ыждаһаттылықпен, ынты-шынтысымен тыңдап, риза болғандары тіпті табан астында өлең шығарып, арнау айтқандарын мына көзіміз көрді. Отаншыл жастар көп екен. Қайта Отан, тәрбие, ұлттық дүниетаным дегендер қаны түгілі миында да жоқ үлкендердің көптігі көңіл құлазытады.

Ұзын сөздің қысқасы, ел боламыз десек бесікті түзеу керек. Бесікте орыстың не шүршіттің баласы жатқан жоқ, өзіңнің қаның, өзіңнің жаның, қазақтың баласы жатыр. Ес білгеннен үлкендердің қатыгездігі мен аярлығын, алдап-арбауы мен әділетсіздігін, ұлтына да еліне де бейғам қарайтын жалқау мінезін көріп өскен бала ертең соны қайталайды. Бір ғана Бекболат кімге жетсін. Оның өзін көп көріп, қарақан басын қорғай алмай, тентіретіп жібердік. Билікте жүргенде қазақтың сөзін сөйлейтін екі кісі болса соның бірі, бір кісі болса соның нақ өзі Бекболат еді. Әлгіндей аярлар қыс-қыстаумен ақыры шеттетіп тынды. Десе де әр қазақ менің жалғызым дейтін принциппен өмір сүретін қазақтың жігері құм болып тума таланты таусылған жоқ. Халқына, халқының болашағына еңбек етіп келеді. Оған кеше тағы бір мәрте куә болдық.

Түйгеніміз, Бекболаттар көбеймейінше, Бекболаттар үлгі болмайынша отаншыл ұрпақ өсіреміз деп әуре болудың керегі жоқ. Себебі жүректен шықпаған сөз жүрекке жетпейді, риялы тірлік риясыз көңілді кірлетеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №45, 05.11.2014