Шымкентте студенттер арасында ақындар айтысы өтті

1095

Шымкентте Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті арасында ақындардың топтық айтысы өтті. Облысымызда тұңғыш рет өткізілген жас ақындар додасына ОҚМПИ басшылығы ұйытқы болған. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы жазады.

002

Сөз бәйгесіне екі жоғары оқу орнының үкілеген 8 ақыны қатысты. Бұл айтыстың басты мақсаты – Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы үшін күрескен жауынгер бабаларымыздың ерлігін сөз ете отырып, жастардың ұлттық өнерімізге деген қызығушылығын арттыру, патриоттық рухын ояту, бірлік пен ынтымақты сақтауға тәрбиелеу.

Ақындар айтысына белгілі жазушы-журналист Мархабат Байғұт төрағалық етті. Сондай-ақ, әділ қазылар құрамында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы А. Балажан, танымал айтыскер ақын Б. Шойбеков, «Қазақ әдебиеті» және «Жас Алаш» газеттерінің ОҚО-дағы меншікті тілшісі Ғ. Елшібай, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының директоры У. Қыдыр болды.

003

Айтыста жас ақындар Қазақ елінің қазіргі таңдағы қол жеткізген табыстарымен қатар бүгінгі қоғамда кездесетін жат көріністерді де өз жырларына арқау етті. Қажымұқан Абзалов (ОҚМУ) пен Серік Жұмаділ (ОҚМПИ), Дәурен Ақсақалов (ОҚМПИ) пен Мұқағали Кенжетайұлы (ОҚМУ) арасындағы сөз сайысы көрермен күткен керемет өткір әзілдермен өрбіді.

005

Сөз додасында, әсіресе, Нұрғали Әнапия (ОҚМУ) мен Аян Ниязбек (ОҚМПИ) жұбы айтысты ерекше қыздырды. Жас дарындар тақырып төңірегінде ұтқыр ойлары мен ұтымды пікірлерін ортаға салып, бір-бірін қалжыңмен қағытып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Сонымен қатар осы аламанға өз құрамаларын бастап шыққан республикаға белгілі айтыскер ақындар Біржан Байтуов (ОҚМПИ) пен Карима Оралова (ОҚМУ) да көпшілікті тапқыр теңеулерімен, жарасымды әзілдерімен ерекше сүйсінтті.

004

Әділқазылар алқасының ұйғарымы бойынша 243 ұпай жинаған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының командасы жеңімпаз болып танылып, ақындарға ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев ауыспалы кубокті табыс етті. Айтыстың соңында барша ақындарға арнайы сертификаттар беріліп, бағалы сыйлықтар тарту етілді.

001

006

Суреттерді түсірген – Сәбит Тастанбек