Нышан Қазбеков
Нышан Қазбеков
Нышан Қазбеков

1941-45 жылдардағы қиындықты қайыспай көтерген тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі ескерусіз қалуда. Сондай жандардың бірі – Нышан Қазбеков.  Айтуынша, көңіліне қаяу түссе де, ешкімге білдірмеуге тырысады.  Оның үстіне қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл еңбеккерлері үшін мақтау-мадақтаудан гөрі,  бүгінгі күннің тыныштығы қымбат.

Әкесінен жастайынан айырылған Нышан Қазбеков өткен күнді еске алуды онша ұната бермейді. 1931 жылы Ордабасы ауданы, Бадам ауылында дүниеге келген. Ол кезде жас болғандықтан соғысқа жіберілмеген. Бірақ бала кезден еңбекке араласып, ерте есейген.
– Бір әке мен анадан туған үш бауыр едік. Әкемізден жастайымыздан айырылып ашаршылықты да, қиыншылықты да әбден көріп өстік, – деп бастады әңгімесін балалық шағын еске алған ақсақал. – Үлкен ағам Құлажан Қазбеков 1925 жылы туған. Ол жасы он тоғызға да толмай тұрып соғысқа кеткен. Ал, екінші ағам Қоспай соғыс басталғанда 8-сыныпта оқып жүрген. Елге жау тигенде бұғып қалу қанымызда болмағандықтан, 1942 жылы өз еркімен майдан даласына аттанады. Мен ол кезде он жасар баламын. Ол жылдары өзімнен екі-үш жас үлкен балалар шаруадағы аналарының қасында еріп жүретін. Қыста мал суарысып, малға пішен салысып, ауланың қарын күреп, үлкендерге қолғабыс беретін. Пішен шабу науқаны кезінде мая басына түйеге жегіп шөмеле таситын. Мен де қарап қалмадым. Ағаларым жаумен шайқасып, майдан даласында жүрген кезде, елде қалған анам мен майдангерлерге аз да болса көмегім тисе екен деген ниетте колхоз мүшелігіне қабылданып, ересектермен бірдей еңбекке араластым, тылда еңбек еттім. Жасыратыны жоқ, соғыс жылдары аш құрсақ болғанымыз да рас, жалаңаш болғанымыз да өтірік емес. Бірақ елдегі адамдар ондай-ондай қарын аштығына, киімнің жыртығына қараған жоқ. Ол жылдардағы басты мақсат жеңіс туын желбірету болатын, әрине.

1940 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН ӨНЕРКƏСІБІНДЕ:
– 158 мың адам жұмыс істесе,
1945 ЖЫЛЫ ОЛАРДЫҢ САНЫ:
– 255 мыңға дейін жетті.

Шынында да, ол жылдары оқтың азабынан жоқтың азабы кем соқпаған тұстары аз болмаған. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды. Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Аналар мен жесірлер көзінің жасын бұлады, талай жетім «әкешім» деп жылады. Десек те, халықтың ұнжырғасы түспеді. Шаңырағын шайқалтпай, таза сезімнің жылуымен жағылған ошақ отын сөндірмей, балаларына қамқор бола білді.

СОҒЫС ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗГЕ:
– 1,1 млн адам;
– 220 зауыт-фабрика көшірілді.

– Осындай қауіп-қатер ортасынан үлкен ағам Құлажан оралмаса да, екінші ағам Қоспай елге аман-есен 1948 жылдың орта шенінде оралды. Оның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз, «Отан соғысы» ордені, «Соғыстағы қызметі үшін», Варшава қаласын азат еткені үшін, «Берлинді алғаны үшін», «Жуков» жауынгерлік медальдары жарқырап тұрды. Ал соғыстан кейінгі жылдары тың игеруге атсалыс-ты, аға шопан ретінде мал шаруашылығын дамытуға үлесін қосты.

Қазақстанға орналастырылған 142 кәсіпорынның 60-ы ірі кәсіпорын болған.
Оңтүстік Қазақстан облысында:
– 2 мыңнан астам тракторист;
– 173 комбайнер;
– 315 комбайнер жәрдемшілері болды.
Ал облыс өнеркәсібі мен транспортында 5 682 әйел жұмыс істеді.

Ал, кейіпкеріміз Нышан ата бала күнінен тылда да, оқуда да озат бола білді. Өзінің еңбекқорлығының арқасында 17 жасында абыройға бөленіп, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тұсындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 1950 жылы әскери борышын өтеуге аттанып, 1954 жылы елге қайта оралған Нышан ата тың игеруге өз үлесін қосады, 17 жыл бойы көлік айдайды. Осы және өзге де көптеген қызметтерді атқара жүріп, 1988 жылға дейін тепловоз айдайды. Социалистік жарыстың озаты, еңбек ардагері және басқа да марапаттауларға ие болған Нышан ақсақал одан бөлек, «Тың жерлерді игергені үшін», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдарымен қатар КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын иемденді. Ал 2000 жылы Жеңістің 55 жылдығына орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауына ие болды. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанды. Алайда, қария соңғы жылдары тыл ардагерлерінің ескерусіз-елеусіз қалып жатқанына қынжылады. Тіпті, іргетасын өзі қалаған Монтайтас ауылының 60 жылдығы қарсаңында ақсақалды елеп-ескеретін жан табылмапты. Дегемен, қария медальдар мен ордендерден гөрі, бейбіт күннің тыныштығын бәрінен де артық санайды.

Мінеки, екінші дүниежүзілік соғыста ел үшін қызмет еткен, маңдайынан тер сорғаласа да, еш мұқалмай, қиындықты жеңе білген Нышан қария сияқты жандар қаншама. Және олар әрдайым мақтауға-мадақтауға лайық.

Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №1, 07.01.2015