Астаналық чемпион Оңтүстіктің намысын қорғайды

283
Даулет Сұлтанбеков енді шымкенттіктердің қатарынан толықтырады.

Студенттер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, Инчхондағы Азия ойындарының чемпионы елордадан Шымкентке ат басын бұрды. Енді ол Оңтүстіктің намысын қорғамақ. Астанада спорт тізгінін алған азаматтармен келісімге келе алмаған отандасымыз биылғы маусымды шымкенттіктермен бірге бастағанды жөн санапты.

Осындай мақсатпен жыл басында Дәулет Оңтүстікқазақстандық ескек есу федерациясының президенті Денис Жарменовпен келіссөз жүргізеді. Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев та Азия чемпионына қажетті жағдай жасау қажеттігін тапсырды. Жерлестеріміз байдаркада ескек есушіге 150 000 теңге шамасында стипендия ұсынылып, үй мәселесін шешуде де қолдау болатынына уәде етті.

Даулет осы үш командаласымен байдарка-төрттікте Азия ойындарының чемпионы атанған болатын, сурет ғаламтордан алынған
 

Дәулет Сұлтанбеков — 1994 жылдың 12 тамызында Жамбыл облысы, Тараз қаласында дүниеге келген. 2006 жылы байдаркада ескек есумен Астана қаласындағы спорт мектептерінің бірінде шұғылдана бастайды. Жылдар бойғы еңбегінің арқасында Қазақстан кубогінің және чемпионаттың бірнеше дүркін жеңімпазы, жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлде иегері, ересектер арасында өткен әлем чемпионатында алғашқы сегіздіктен көрінген. Студенттер арасындағы әлем чемпионатында бір алтын, бір қола медаль жеңіп алған. Ал 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 1000 метрлік қашықтықта байдарка төрттікте сынға түсіп, алтыннан алқа тақты. Ескек есуден ұлттық құрама команданың мүшесі.

Даулет Сұлтанбеков енді шымкенттіктердің қатарынан толықтырады.

Дәулет Сұлтанбеков, ескек есуден Азия ойындарының жеңімпазы: «Астанада жағдайым болмады. Басшылықпен де тіл табыса алмадым. Берілген уәдені жылдар бойы күте алмаймын ғой. Мен де өз болашағымды ойлауым қажет. Ал Оңтүстіктің ескек есушілерін жақсы танимын. Елімізде спорттың бұл түрі сіздердің облыстарыңызда жақсы дамыған. Олимпиада ойындарына жолдаманы да осы шымкенттіктермен бірге жеңе аламын деп сенемін.»

1000 метрлік қашықтықты байдарка төрттігінде ескек есуде  Дәулет Азия ойындарында жеңімпаз болған еді. Командаластарының арасында Оңтүстіктің спортшысы Александр Емильянов та бар. Жерлестеріміз Дәулеттің біздің командаға келуі алдағы Олимпиада ойындарына тағы бір жолдама сыйлайды деген сенім ұялатады деп отыр. Оның үстіне Дәулет Сұлтанбеков — ұлттық құраманың сапында ептілігін сынға салып жүрген жалғыз қазақ.

Оңтүстік құрама командасының сапында Даулет те өз ізін қалдыруға тырысады, сурет ғаламтордан алынған

Еліміздің ұлттық құрама командасында өзіндік із қалдырып жүрген Оңтүстіктің тағы екі спортшысы бар. Олар — Сергей және Тимофей Емельяновтар. Ағайынды ескек есушілер жуырда ғана халықаралық олимпиада комитетінің арнайы стипендиясына ие болды.

Бұрын-соңды ескек есушілеріміз мұндай стипендияға қол жеткізбеген болатын. Енді бір жарым жыл көлемінде олар 450 АҚШ долларын алып отырады. Естеріңізде болса, облысымыздың ескек есушілері Инчхонда өткен Азия ойындарында 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын.