Облыстық «Бейнелеу өнері» мұражайының құрылыс жұмыстары аяқталды. Анығырақ айтсақ, көркемсурет галереясына қосымша залдар қосылып, мұражай аясы кеңейіп отыр. Аумағы 2500 шаршы метрді құрайтын мәдени нысан қазір қылқалам шеберлерінің туындыларымен толығып, безендірілуде.
Облыстық жаңа бейнелеу өнері мұражайының құрылыс жұмыстары 8 ай уақытқа созылды. Бұл үшін қазынадан 200 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Енді ғимаратқа қосымша 3 зал салынып отыр.
Мұражайға енісімен, ең алдымен, бейнелеу еңбектерін көзіңіз шалады. Қазақстан халқы Ассамблеясы атты жаңа зал енді ғана безендіріліп жатыр. Мұндағы әрбір туынды бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай ғұмыр кешкен отандастырымздың татулығын ту етпек.
Бұдан бөлек орталық үлкен зал Қазақ хандығына арналыпты. Керей мен Жәнібектің билік құрған жылдары мен ондағы халықтың төл тұрмысы да суретшілердің қаламынан көрініс тапқан. Қазақтың қолөнері, яғни «Жаңғырық» залында киіз және түрлі жіптермен толыққан кілем-гобелендер бар. Бояуы қанық бейне-тоқымалардың авторы — Жақып Құттыбек.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=64Fy_4O82fk[/youtube]
Ал «Аманат» бөлімінде белгілі қолтаңбасы бар суретшілердің көзіндей сақталған тұщымды туындылары тұр. Құнды еңбектерді сақтау үшін мұнда 28 маман қызмет етпек.
Айнабек Оспанов, облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры: «Бұрын бізде қиындықтар көп болды, қордағы суреттерді көпке көрсете алмадық. Көрсеткен күннің өзінде бірнеше күн ғана ұсындық. Тұрғындар тамашалап үлгермей жататын. Енді шүкір, көрме залының ауқымы кеңейді. Бір суретті бірнеше ай бойы іліп, жұртшылыққа таныстыра аламыз».
Еске салайық, 2009 жылдың тамылжыған тамыз айында көркемсурет галерясы салтанатты түрде ашылған еді. Ал бұған дейін ғимарат «Жастар» тойханасы болатын. Кейін облыс басшылығының шешімімен қылқалам шеберлерінің көрмесіне айналды. Одан бері алты жыл өтті. Енді бұл мәдени нысан атауын өзгертіп, іші құнды жәдігерлерге толды.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Көрменің суреттеріне арнайы қаржы бөлінген жоқ. Екі рет симпозиум өткіздік. Ел аумағынан талантты 20 суретші келіп, жүзге жуық еңбекті салып, сыйға тартып кетті. Өткен жылы жас суретшілердің арасында симпозиумды қолға алдық. Ол кезде 98 еңбек салынды. Ол да қазір бізде. Жалпы, бір 4 миллион теңгенің төңірегінде қаржы шығарып, осындай шара өткізгеннің нәтижесі он есе артығымен қайтарылды дей аламын».
Әзірге мұражайдың көрмесіне 300-ге тарта бейнелеу өнері туындылары мен қолөнер гобелендері қойылыпты. Енді мәдени нысан ақпанның 20-шы жұлдызында көпке есігін айқара ашады деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 25 мұражай бар.