100-ден астам жеңімпаздарды марапаттады

262

Түркістан облысы полицейлері сурет салудан байқау өткізіп, 100-ден астам жеңімпаздарды марапаттады. Ғасыр дерті – нашақорлыққа қарсы күрес бойынша Түркістан облысында полицейлері біршама жұмыстар атқаруда. Қылмыстың алдын алу, үгіт насихат жұмыстары жүргізілуде.

Еліміздегі коронавирус індетіне байланысты соңғы айларда барлық іс-шараларын онлайн форматта өткізілуде. Мәселен, Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен, облыстық Денсаулық сақтау және Білім басқармалары, сондай-ақ Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері бірлесіп, әлеуметтік желі арқылы «Есірткіге жол жоқ!» «Менің таңдауым салауатты өмір!» тақырыптарында сурет салудан байқау өткізді. Байқауға облысымыз бойынша 14-29 жас аралығындағы 500-ге жуық жасөспірімдер мен жастар қатысты. Нәтижесінде «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік» 10 қатысушы 10 номинация бойынша жеңімпаз ретінде анықталып, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың «Грамотасы» және планшет, ұялы телефон сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. Одан бөлек 100 қатысушыға естелік сыйлықтар тапсырылды. Барлық сый-сыяпаттарды тәртіп сақшылары жасөспірімдердің үйіне арнайы барып, тосынсый жасап сыйлап қайтты.

Жүлделі орын алған жарыс жеңімпаздарының қатарында Кентау қаласының тұрғыны, 5-сынып оқушысы Диас Бөрібай, Түркістан қаласының тұрғыны, 4-сынып оқушысы Жансерік Бейбітбек және 5-сынып оқушысы Нұрсая Пернебай бар. Сурет салуға жаны құмар жастар, өздерінің жұмыстарында есірткіге қарсы екендіктерін өнерлерімен көрсеткен.

Бұл бағыттағы жұмыстар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жиі ұйымдастырылып тұрмақ. Ең басты мақсат – оқушылардың бойына осы бір зиянды заттардан, теріс қылықтардан аулақ болуды сіңдіру болып табылады.