Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан – ортақ үйіміз» форумы қатысушыларының қазақстандықтарға
ҮНДЕУІ
Біз, «Қазақстан – ортақ үйіміз» форумының қатысушылары, сындарлы сәттің маңыздылығын ескере келе, барша қазақстандықтарды 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға қатысуға шақырамыз.
Тәуелсіздіктің 24 жылында мемлекетіміз ұстанған берік саясаттың нәтижесінде экономикамыз қарқынды дамып, халқымыздың әл-ауқаты артты. Еліміздің ішкі және сыртқы саяси беделі нығайып, көпұлтты қоғамымызда татулық мен тұрақтылықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Әлемде баламасы жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізде тұрып жатқан 130-дан аса ұлыстың ұйытқысы болып, бейбітшілік пен келісімнің кепіліне айналды.
Халқымыз өз тарихында алғаш рет «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына ие болды. Бұл – ата-бабамыз армандап, қазіргі буын ерен еңбегімен ақиқатқа айналдырып жатқан зор құндылық. Оны жүзеге асыруға этностық, діни және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан әрбір қазақстандық өз үлесін қосуы тиіс.
Мызғымас ауызбірліктің арқасында еліміз аз уақыттың ішінде талай асуларды бағындырып, әлемнің дамыған 50 мемлекетінің қатарына кірді. Енді алдымызда озық 30 елдің көшіне қосылу міндеті тұр. Осы мақсатқа бағыт сілтер басты құжат – « Қазақстан — 2050» стратегиясы.
Біз, «Қазақстан – ортақ үйіміз» форумының қатысушылары, еліміздің кешегісі, бүгіні мен ертеңін таразылайтын тарихи сәттен ешбір қазақстандық қалыс қалмауы керек деп есептейміз. Осы мақсатта отандастарымызды Президент сайлауына белсене атсалысуға үндейміз.
Шымкент қаласы
2015 жылғы 19 наурыз