Түркістан облысында айыппұлы төленбей жүрген 1600-ден астам жүргізуші «Қорғау» арқылы анықталды. Түркістан облысының полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында «Қорғау» автоматтандырылған бағдарламасының көмегімен өтелмеген айыппұлы бар жүргізушілерді анықтады.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер Ордабасы ауданында 31 жастағы азаматтың басқаруындағы HYUNDAI AVANTE автокөлігін тоқтатты.
Жүргізушінің көлік құралын басқару кезінде белгіленген жылдамдықты 9 рет асырғаны, осы құқық бұзушылықтар үшін 250 000 теңге көлемінде өтелмеген әкімшілік айыппұлы бары белгілі болды. Заң талаптарына сәйкес автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты тиісті әкімшілік шара қабылданды.
Жалпы 2026 жылдың маусым айында облыс полицейлері айыппұлы төленбей жүрген 1600-ден астам жүргізушіні «Қорғау» арқылы анықтап, заң аясында шара көрді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеудің маңыздылығын ескертеді.







