Úı ANONS «Қорқып отырамыз»: Кентауда 20 шақты үйдің ауласына су кірді

«Қорқып отырамыз»: Кентауда 20 шақты үйдің ауласына су кірді

Кентауда нөсерден кейін тағы да сел жүрді. Жиырма шақты үйдің ауласына су кіріп, тұрғындардың мүлкі бүлінген. Халық мұның биыл қайталанып отырған екінші жағдай екенін айтып, «әр жауын сайын қорқамыз» дейді. Ал әкімдік мәселе күзге дейін шешіледі деп сендіріп отыр. Тұрғындардың жанайқайы мен жауаптылардың уәжі — алдағы сюжетте толығырақ.

 

Бұл – Кентау қаласындағы көшелер мен тұрғын үйлердің қазіргі көрінісі. Демалыс күндері жауған нөсер жауыннан кейін сел жүріп, бірнеше көшені су басты. Аулалардағы лай-балшық әлі кеппеген, көшелерде де су толық қайтпаған.

 

«Міне, түсте уақытында болған су. Ішінің бәрі лай, кіре алмадық. Мұздай суды кешіп жүрміз ғой енді.  Мына жақтан судың бәрі өтті. Балшық болып жатыр, міне».

Тұрғындардың айтуынша, бұл – бірінші рет болып отырған жағдай емес. Биылдың өзінде осы аумақты екі рет сел суы басқан. Соның салдарынан үйлердің қабырғалары жарылып, мүліктері бүлінген, тұрмыстық техникалары істен шыққан. Кей үйлерге тобықтан асатын су кірген. Тұрғындар суды қабырғаны тесіп сыртқа ағызуға мәжбүр болғандарын айтады.

 

САНДУҒАШ ЖАҚЫПОВА, ТҰРҒЫН: «Қорқамыз ғой. Мынаның бәрі су ала берсе құлайды. Баспана да құлайды. Бәрі құлайды».

Жергілікті халықтың айтуынша, жауын мен сел суының жиналуына арық-атыздардың жабылып қалуы себеп. Олар жер телімдері жекеменшікке өткеннен кейін су ағатын табиғи арналар бітеліп, жауын суы тікелей үйлерге қарай ағатын болғанын айтады.

 

БЕРІК АЛДИДОВ, ТҰРҒЫН: «Жылда жаңбыр жауған кезде көшеміздің бәрін су алады.  Мына, қырдан келген су бар, көшені, 50-60 үйді су алып кетеді. Огородымызға да, үйімізге де бәріне кіріп кетіп жатыр. Өкіметтен ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Құрғақ уәде беріп кетіп жатыр.  Мәжіліс хатшысыда келді. Эксковатор береміз деді, арық қазамыз деді сонымен қазылған жоқ. Тағы қалды».

 

Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті билік өкілдері оқиға орнына барған. Алайда, халықтың сөзінше, әр жауыннан кейін көмек көрсетеміз деген уәделер орындалмай келеді. Әкімдік мәліметінше, соңғы екі жылда өңірде жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейден жоғары болған. Соңғы нөсер кезінде 20 шақты ауланы су басқан. Дегенмен, ресми түрде әкімдікке тек үш отбасы ғана материалдық көмек сұрап өтініш берген.

СЕЙФУЛЛИН ҚҰРЫҚБАЙ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Осы кеше  15-20 аулаға су кірді. Бірақ, нақты көмек сұрақ 3 үйден өтініш түсті. Шұғыл түрде қаладан жұмысшылар топпен барып, көріліп тиісті шаралар атқарылып, сулардың бәрі сорылып алынды. Зардап шеккендер жоқ».

 

Мәселені қала әкімдігінің бақылауына алған. Қазір су ағатын науалар қазып, жауын суын қауіпсіз бағытқа бұру жұмыстары жоспарланып жатыр. Әкімдік өкілдері күзгі жауын-шашын маусымына дейін бұл мәселе толық шешіледі деп сендірді.

Дилара Иса