Úı ANONS 30 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

30 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

Шымкентте қоныс тойын тойлағандар қатары көбейді. Бүгін мегаполисте тағы 30 отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болды. Олардың арасында көпбалалы аналар, бюджеттік сала қызметкерлері және жетім балалар санатындағы азаматтар бар. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көрген тұрғындардың қуанышына тілшіміз де куә болып қайтты.

 

Бүгін тағы 30 шымкенттік үйлі болды. Бозарық шағынауданынан бұйырған баспана иелерінің қатарында Эльмира Исабекова да бар. 30 жыл бойы ұстаздық етіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеген жан бұл күнді жиырма жыл күткенін айтады.

 

ЭЛМИРА ИСАБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бүгін міне үй бұйырыпты. Аллаға шүкір. Өте қобалжып тұрмын шыны керек. Өте шынайы. Мен бұған дейін өз бетіммен үй ала алмаймын деп ойлайтынмын. Сөйтсем болады екен. Шынайы алдым»

 

Бүгін Төлеубек Тауасардың да шаңырағында үлкен мейрам. 24 жастағы жігіт екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Үй иесін қолдауға жақын туыстары арнайы келіпті. Ал ата-ана қамқорлығынан айырылса да, тағдырдың бұл тартуы болашаққа үлкен қолдау болды дейді қала тұрғыны.

ТӨЛЕУБЕК ТАУАСАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Өзім үшін қуанарлықтай жетістік болып тұр. Себебі 24 жаста көп адам жетпеген жетістікке жетіп отырмын. Жас болып, үйлі болу деген де бір бақыт екен. Басқа жа менің қатарластарыма жұғысты болсын деп тілеймін»

 

Бұл баспаналар «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында үлестірілді. Мемлекеттік қолдауға заңды түрде үй кезегіне тұрып, өздерінің төлем қабілеттілігін уақытылы дәлелдеген азаматтар ие болған. Жауапты мамандар жаңа тұрғын үй кешенінде жайлы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалғанын айтады.

 

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Көпбалалы аналар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше азаматтарымыз, мемлекеттік ұйым, бюджеттік ұйым қызметкерлері. Бұл азаматтар табыс көзін растап, жеңілдетілген несиелік пәтер кілтін жеткізуде. Бұл пәтердер Бозарық шағын ауданында орналасқан. Барлық инфрақұрылыммен қамтылған болып табылады».

Қазір қалада 95 мыңға жуық тұрғын үй кезегіне тіркелген. Әзірге мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелік негіздегі баспана кілттері табысталып жатыр. Алдағы уақытта кезекте тұрған өзге де санаттағы азаматтарға сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерлер беру де жоспарда бар.

Әсел Мәлік