Сауда министрлігі танымал маркетплейстерде қосарланған баға белгілерін міндетті түрде енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен, елімізде офлайн және онлайн саудада тауар бағасын көрсетуге қатысты жаңа талаптар әлі де қызу талқылануда. Соған қарамастан, қосарланған баға белгілерін көпшілік сатып алушылар әлі күнге дейін көрген жоқ. Өйткені қолданыстағы талап бөліп төлеудің барлық түріне емес, тек жекелеген жағдайларға ғана қатысты. Бұл өз кезегінде сарапшылар арасында түрлі сауал туындатып отыр.
Сатып алу үдерісін барынша ашық етуі тиіс болған қосарланған баға белгілері қазақстандықтардың көпшілігі үшін әлі де қолжетімсіз болып отыр. Себебі бұл талап бөліп төлеуді тікелей сатушының өзі ұсынған жағдайда ғана күшіне енеді. Ал іс жүзінде дүкендердің басым бөлігі тауарды банк арқылы рәсімделетін бөліп төлеу жүйесімен сатады. Мұндай жағдайда екі түрлі бағаны көрсету міндеттелмеген. Сауда министрлігі әзірге бұл тәртіпке өзгеріс енгізуді жоспарламайды. Алайда сарапшылардың пікірінше, дәл банк арқылы рәсімделетін бөліп төлеу кезінде тұтынушы тауардың нақты толық құнын алдын ала көруге тиіс.
БЕКНҰР КИСИКОВ, ЭКОНОМИСТ: «Әрине, бұл жағдайда баға өзгеше болады. Себебі оған банктің пайыздары, түрлі шығындары және басқа да төлемдер қосылады. Сондықтан мұндай баға міндетті түрде сатушының жария офертасында көрсетілуі керек. Меніңше, бұл талаптарды банк арқылы берілетін бөліп төлеуге де қолдану қисынды болар еді. Өйткені қазір сатушылар мұны мүлде көрсетпейді. Соның салдарынан тұтынушы теледидардың немесе тұрмыстық техниканың нақты қаншаға түсетінін және жалпы қанша артық төлейтінін білмейді».
Нәтижесінде сатып алушы тек бір ғана бағаны және «артық төлемсіз бөліп төлеу» деген жарнаманы көреді. Алайда көп жағдайда тауар құнына сатушының банк қызметтері үшін төлейтін шығындары да енгізіледі. Оның үстіне, кәсіпкерлердің өздері қолма-қол есеп айырысқан жағдайда тауарды арзанырақ бағаға ұсынуға дайын екендерін жасырмайды.
ОЛЬГА БЕРЕЗУЦКАЯ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ОДАҒЫ ҚБ ЖЕТЕКШІСІ: «Мұндай жағдайда тауардың нақты бағасы әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Бірақ біз оны көрмейміз. Сатып алушының мұны білуге толық құқығы бар деп есептеймін. Өйткені біреудің қолма-қол ақшасы бар, ол тауарды бірден сатып ала алады. Ендеше неге ол басқа біреудің бөліп төлеуіне байланысты жасырын банк шығындарын немесе пайыздарын төлеуі керек».
Қосарланған баға белгілеріне қатысты талап өткен жылдың қазан айынан бастап күшіне енген. Оны сақтамағандарға 6-дан 130 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл талап банк арқылы рәсімделетін бөліп төлеуге де қолданылмайынша, жаңашылдықтың басты мақсаты – тұтынушы үшін баға ашықтығын қамтамасыз ету – толық жүзеге аспайды. Өйткені сатып алушы тауардың нақты құнын және оны сатып алу барысында қанша қаражат төлейтінін алдын ала анық білуге құқылы.
Нұргүл Жолымбетова






