Роза Рымбаева

Қазақстанның халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Роза Рымбаева күнгейлік көрерменге есеп берді. Өнер иесі тыңдармандары алдында сахнада өткен 40 жыл өміріндегі жетістіктерімен бөлісті. Бастан өткерген қиын-қыстау кезеңдерді де әңгімелеп берді.

Кеш кейіпкері шығармашылығандағы жаңалықтарын да арқалай келген. Әнші «Түркістан» сарайындағы шығармашылық кешінде жаңа бірнеше әндерінің тұсауын кесті.

Роза Рымбаева
Роза Рымбаева

Роза Рымбаева: «Бүгін Оңтүстік халқымен кездесіп, олармен жүздесіп, өте керемет әсерге бөлендім. Мені үлкен құрметпен қарсы алды. Сіздерге мен сый-тартуымды, яғни, көптеген жаңа әндерімді әкелдім. Ардақты, аяулы аналарға арналған ән кешім болғандықтан, міндетті түрде осы тақырыптағы әндерді шырқадым. Барша көрерменге айтар алғысым шексіз! Менің арманым – балаларым үшін ұзақ өмір сүрсем, балаларымның өскенін көрсем, бақытты әке, бақытты маман болғанын көрсем деп ойлаймын. Себебі барлығымыз осы музыкадағы адамдармыз, яғни ән әлеміне өз өмірімізді арнаған адамдармыз. Өмірде осы музыка саласының дамып-өркендеуіне өз септігімізді тигізсек деп тілеймін!»

көрерменнің қарасы қалың болды

Небәрі 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанған Роза Қуанышқызының «Ана – өмір шуағы» атты кешіне келген көрерменнің қарасы қалың болды. Олар өнер иесінің әндерін қосыла шырқады.

Меруерт Байбосынова, көрермен: «Мен Роза Рымбаева келеді дегенді естіп, Қазығұрт ауданынан келіп отырмын. Өте қуаныштымыз, жақсы әсер алып отырмын. «Ана» туралы әнін маған арнап айтып жатқандай болды. Әсерлі, әдемі әндеріне рахмет!»

Марат Бастарбеков, көрермен: «Бүгін анамды, әйелімді, қыздарымды концертке алып келдім. Роза Қуанышқызының кешін көріп қайтсын деп. Олар мерекелік тартуыма риза болып отыр. Роза қай кезде де Роза, ол – қазақтың Розасы! Әншіге шығармашылық табыс тілеймін! Өсіріп отырған ұлдарының қызығын көрсін!»