Сыр мен сезімге толы кеш өтті

873

Көктем көңіл. Сазды әуен. Ерекше ықылас… Бір бойында жеті өнердің мәйегін сыйғызған қаламгер көрерменіне естен кетпестей әсерлі кеш сыйлады. Бауырмалдықты, бүгінде адамдардың бойынан алыстап бара жатқан мейірім атты құнды қасиетті дәріптейтін өлең өлкесіне сапар шеккізді…

Белгілі қаламгер, «Замана» Баспа үйінің бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Иса Омардың «Жүрек сазы» атты әдеби-сазды кеші өтті күні кеше. Ақын, сазгердің шығармашылық кешінде авторлық әндер мен заманауи жырлары көрермен көңілінен орын тепті.

Иса Омар Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жеке газет ашып, талайларды тәнті еткен болатын. Ол кезде жекеменшік деген сөздің өзі сирек айтылатын. Тек мемлекеттік газеттерді ғана оқып, ресми ақпаратқа ғана қанығатын оқырманды сенсациялық жаңалықтарымен таң қалдырып еді.

«Замана» газетін де оқырманы ең көп газет деңгейіне жеткізе білді. Одан бөлек оқырманға қажетті бірнеше басылымның басын біріктіріп отыр бүгінде. Басылым арқылы бизнес бастаған Исекеңнің көпке белгісіз қырлары да баршылық екен. Сезім пернесін шертетін сырлы өлеңдерінен бөлек, әуезді әуенмен әрленген әндері де бар екенін енді біліп жатқандар да жоқ емес.

Әлімжан Мәменов, Ш.Қалдаяқов атындағы филормония директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары: «Бүгінгі кеште Иса Омардың тек әндері ғана орындалмай, өлеңдері де оқылды. Кеште филормонияның «Тұмар» би ансамблі, эстрда әншілері өнер көрсетуде. Иса Омардың шәкірттері бұл кешке барын салып дайындалды… Бір адамның бойында осыншама талант тұнғаны таңқалдырады».

Иса Омар есті әндерден бөлек бірнеше кітаптың да авторы. «Жүрек сөзі», «Гүл ғұмыр», «Ақ жамгыр», «Арғы жағы мұхиттың, бергі жағы», «Бүтбөген ыр» атты көркем прозалық және публицистикалық кітаптары қазақ, өзбек, орыс және қырғыз тілдерінде жарық көрген. Автордың 200-ден астам әні, 100-ге жуық өлеңдері бар.

Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі: «Бауырына, әкесіне, анасына арналған әндерді естігенде менің 10 жасым, 20, 25 жасым көз алдымнан өтті. Қалай соған тебіренбейсің? Міне, өнердің кереметтігі осында. Иса бауырыма мың да бір рет рахмет. Оның адамдарды толғандырып, ойландырып, үлкен сезімге бөлеуі бұл танлантының бір қыры».

«Әміріне уақыттың бағынбас кім,
Бала күнді қалайша сағынбассың.
Қарашы әне топ-томпақ қыздары бар,
Бір кездері томпиған қарындастың», деп жырлайды. Балалық шаққа саяхат жасатқызып, сол кездегі сезімдерді бүгінгі күнмен астастырады.

Бір кездері жүрекке жүк, көңілге наз толтырған сезімдерін айна қатесіз ақ парақ бетіне түсіріп, оқырманына таза қалпында бере білген қаламгердің ұтар тұсы көп. Сезім сұйылып, қатыгездік белең алып бара жатқан кезеңде өзгелерге ой салып, санасына сәуле түсірмекті мақсат тұтқан қаламгердің көздегені орындалып та жатқандай. Тұла бойды тұншыққан сезімге бөлегені де сол… Кейбіреулер көзіне жас алып жатты.

Өзгенің жүрегін жібітіп, сезім қылын шертіп, көзіне жас келтірсе қаламгердің бір миссиясы орындалғаны. Ол көп қалам ұстаған қауымның қолынан келе бермейді…

«Бәйтерегіңді бағала», «Ауылым», «Анашыңды аяла», «Жапырақтар жауғанда» атты әндері тыңдармандарын терең ойға батырғандай. «Көктем әні», «Ғашықтар емтиханы» өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, жүрек қылын шерткендей болды. Шығармашылық кеште автордың үш бірдей кітабының тұсауы кесілді.

Гүлжан Жұмаш