Исраил Сапарбайдың шығармашылық кеші ерекше өтті

Исраил Сапарбайдың шығармашылық кеші ерекше өтті

Өлеңмен өрілген кеш. Ақын, драматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері Исраил Сапарбайдың поэзиялық жүздесуі сөз құдіретіне бас идірген кеш болды. Сыршыл ақынның «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты поэзиялық жүздесуін күнгейліктер жылы қабылдап, ерекше әсермен қайтты. Кеш иесінің діттегені де осы еді.

Сезім сиқыры. Сенім шырағы. Махаббаттың кереметі. Мұның барлығы лирик ақынның өлеңдерінен құйылып жатты. Бірде балалық шақтың бұлаң сәттеріне саяхат жасатса, бірде жастық шақтың өршіл рухына қанықтырды. Әдеби шығармашылық қойылымда бірінші планға әрине поэзия шықса, оны бір жағынан ән әрлеп тұрды, үшіншіден осының барлығы бимен көркемделіпті. Қара өлең әсем әннің тасасында қалып кетпей, өлең, ән, би бір-бірімен жымдасып, бір-біріне керемет үйлесіп тұрды.

Исраил Сапарбайдың шығармашылық кеші ерекше өтті

Исраил Сапарбай, ақын, драматург: «Синтездік үйлесім деген – осы. Микрофонды алып алып, тек ән айтып немесе өлең оқумен көрерменді жалықтырғым келген жоқ. Ол үрдістен барлығы шаршаған. Сондықтан, жаңашылдықты енгізуден қашпау керек деп есептеймін. Оған көрерменді үйрету керек. Сонда талғам да өседі.»

Көрермен бұл кеште әннің әрін келтіретін, көркемдігін күшейтетін бидің кереметін сезінді. Расында қазақ әу бастан әдемілікті ән еткен, сұлулықты сөз еткен, жарасымдылықты жаны сүйетінін Исраил Сапарбай дөп басып, шығармашылық кешін осындай әдемі сарында өткізуді жастармен бірге іске асырды. Бұл кеш-Ярославль қаласында актер мамандығын бітірген бір топ жастардың біріккен жобасы екен.

Исраил Сапарбайдың поэзиясымен қатар сөзіне жазылған «Ностальгия», «Айналдым», «Жүрекке жүрек тіл қатар», «Тырналар», «Ананы аңсау», «Аялашы жүрегімді», «Сағындым ғой», «Мені есіңе ал аяулым» әндері орындалды. Ақын, драматург, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері Исраил Сапарбайдың поэзиялық жүздесуі сөз құдіретіне бас идірген кеш болды.